5-6 мамырда «Астана Балет» Театрының сахнасында алғаш рет Борис Эйфманның Санкт-Петербор мемлекеттік академиялық балет театры әлемге әйгілі «Анна Каренина» балетін көрсетеді. Балет премьерасы 2005 жылы өткен. Бұл спектакль «Алтын Маска» («Золотая Маска») және «Алтын Софит» («Золотой Софит») сынды беделді театр сыйлықтарымен марапатталған болатын.

Нақ осы қойылым үшін Борис Эйфман «Үздік хореограф» аталымы бойынша «Бенуа-де-ла-Данс» халықаралық балет сыйлығына («Балет Оскары» деген балама аты бар) ие болды. Іс-шара "Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры" Жеке қорының қолдауымен жүзеге асырылады.

Осындай күрделі шығарманы би тілімен өрнектеу мүмкін екенін елестетудің өзі қиын. Дегенмен, Борис Эйфман эксперимент жасаудан жасқанбайтын суреткер. «Анна Каренина» балеті көрермен қауым үшін таңсық дүниеге айналып, көреген сыншылардың да тарапынан жоғары баға алды. Бұл спектакльді дүниежүзі бойынша ерекше қошеметпен қабылдайды.  

«Балет – психологиялық иірімдерді ашып, түп санаға бойлауға мұрша беретін ерекше сала. Әрбір жаңа спектакль – беймәлім әлемге қадам басу. «Анна Каренина» романы мені үнемі қызықтыратын. Толстойды оқығанда, автордың өз кейіпкерлерінің психология әлемін қаншалықты терең түсінгенін ұғынып, Ресей тұрмысын суреттегендегі сезімталдығы мен дәлдігіне тәнті боласың. «Анна Каренина» романында кейіпкердің психологиялық әлеміне бойлап қана қоймай, жалпы тұлғасын психоэротикалық тұрғыда ой елегінен өткізеді. Қазіргі әдебиетте біз осыншалықты құштарлықты, метаморфоза мен фантасмагорияны кездестіре алмаймыз. Осының бәрі менің хореографиялық ой-толғамдарымның діңгегіне айналды», - дейді Борис Эйфман.

«Анна Каренина» орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің шығармаларына қойылған. Өз шығармашылығында хореограф оның туындыларын жиі қолданады.

Борис Эйфман балетінің ішкі психологиялық қуаты орасан. Эмоционалды әсері жағынан да көрермен тамырын дөп басады. Хореограф «Анна – Каренин – Вронский» арасындағы махаббат тақырыбына мән беріп, ғаламат психологиялық сараптама жасайды. Сөйтіп, сахнада ынтық сезімнің жетегінде кеткен әйелдің ішкі толғанысы көрсетіледі. Эйфманның айтуынша, оның балеті өткен дәуір емес, осы шақ жайлы: спектакльдің эмоционалды мазмұны және шынайы өмірмен параллель өткізуі көрермен қауымды бей-жай қалдырмасы анық.

Труппа әртістерінің заңғар шеберлігі мен спектакльдің жарқын хореографиялық тілі, яғни, түрлі күрделі қимылдар, сан түрлі позициялар, кордебалеттің қалыптан тыс геометриясы Толстой романының нәзік психологизмін аша түсіп, көрермен қауымды ерекше күйге бөлеп, жүрегінде өшпес із қалдырары даусыз.

Анықтама ретінде: Борис Эйфман – танымал ресейлік хореограф, елуден астам балеттің авторы. Оның бірегей спектакльдерінің даңқы әлемге жайылған. Оның туындылары көрермен қауымның қошеметіне бөленіп, сыншылар тарапынан да өте жоғары баға алған. «Сөз жоқ, Борис Эйфман, ең қызықты ресейлік хореограф. Оның жеке тұлға ретіндегі тартымдылығынан бөлек, үнемі ізденіс үстінде жүретіні қуантады», – деп жазады, Le Figaro атты танымал француз басылымы.