2025 жылдың 15 қазан күні 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан 137) «Арт-8» көркемсурет студиясының «Шығармашылық әлемі» атты көрмесі ашылады. Экспозицияда оқушылардың 70-тен астам жұмыстары қойылады.

«Арт-8» изостудиясы 2012 жылы құрылып, биыл өз жұмысын бастағанына 13 жыл толып отыр. Студияның негізін қалаған – бейнелеу өнерінде ұзақ жылдық тәжірибесі бар, кәсіби шеберлігімен танылған ұстаздар: Касьяненко Татьяна Владимировна, Қалиева Асель Ануарбекқызы, Терехова Дарья Петровна және Шик Эленора Гарриевна. Олар 35 жылдан астам педагогикалық жолында сансыз шәкірт тәрбиелеп, шығармашыл орта қалыптастырды. «Арт-8» бүгінде – жас суретшілердің қанатын қатайтып, өнер әлеміне жол ашатын шабыт мекені.

Студияның басты ұстанымы – «тәрбие – өнер арқылы». Мұнда балалар мен    ересектер бейнелеу өнерінің дәстүрлі (живопись, графика, мүсіндеу) және заманауи (коллаж, мозаика, батик, дудлинг, квиллинг және т.б.) бағыттарын меңгереді. Әртүрлі техника мен тақырыптарды үйлестіре отырып, студия тәрбиеленушілері еңбекқорлыққа, ұқыптылыққа, басталған істі соңына дейін жеткізуге үйренеді.

Көрмеде студия шәкірттерінің түрлі жанр мен техникада орындалған туындылары ұсынылады. Әрбір жұмыс – жас суретшінің өзіндік ой-толғанысы мен қиялының жемісі. Көрме қонақтары балғын суретшілердің өмірге деген қуанышын, арман-мұратын, табиғат пен туған жерге сүйіспеншілігін сезіне алады.

Студияда әрбір оқушының жеке қабілеті мен ерекшелігі ескеріледі. Көптеген тәрбиеленушілер ұзақ жылдар бойы сабақтарға қатысып, тіпті колледждер мен өнер, дизайн бағытындағы жоғары оқу орындарына дайындық жүргізеді. Кейбір түлектер үшін «Арт-8»-дегі білім кәсіби жолын түбегейлі өзгертудің бастамасына айналған.

Көрме қазан айының 24-не дейін жалғасады.

Көрме жетекшісі: Шорманова Айгерім