Арада 45 жыл өтіп Алматыда жаңа театр бой көтерді. 6-мамырда «ALMATY THEATRE» салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Сөз жоқ, бұл оңтүстік астананың ғана емес, еліміздің мәдени тыныс-тіршілігіндегі айтулы құбылыс. Көп ұзамай, әлемдік балет жауһарлары, бірегей қойылымдар мен симфониялық оркестрдің концерті қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.
6-мамырда жаңа театрдың сахнасында «Астана Балет» әртістері мен симфониялық оркестрінің қатысуымен «Бір актілі балеттер кеші» өтеді. Кеш барысында Дж.Баланчиннің П.Чайковский музыкасына қойған «Серенада» және Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» балеттері көрсетіледі.
7-мамырда Борис Эйфманның Балет театры өнер көрсетіп, әлемге әйгілі «Анна Каренина» балеті көрермен назарына ұсынылады. Бұл спектакль «Алтын маска» және «Алтын софит» беделді театр сыйлықтарына ие болған. Бұған қоса, Борис Эйфман осы қойылымы үшін «Үздік хореограф» номинациясы бойынша «Бенуа-де-ла-Данс» («Балет «Оскары» деген балама аты бар) халықаралық балет жүлдесін қанжығасына басты.
8-9 мамырда Борис Эйфманның М. Равель, К. Сен-Санс, Ж. Массне музыкасына қойған «Оның пірі Роден» балеті көрсетіледі. Туындыда ұлы мүсінші Огюст Роден мен оның шәкірті, нақ сүйері әрі музасы болған Камилла Клодель екеуінің тағдырын суреттеледі. Бұл – кемел тұлғалардың қасіретке толы өмірі жайлы көлемді шығармашылық толғаныс. Эйфман бұған дейінгі спектакльдерінде әбден меңгеріп алған заманауи психологиялық балеттің бірегей көркем пластикасын қолдана отырып, Роден мен Клодель туындыларында терең зерттелген адам баласына тән құштарлық сезімін ой елегінен өткізіп қана қоймай, жалпы, шығармашылық үрдістің жұмбағы жайлы толғанады.
14-15 мамырда «Астана Балет» театры романтикалық эпостардың биік шынары, Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» балетін симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көрсетеді.
18-мамырда маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің «Алматыма арнау» атты концерті өтеді. Бірінші бөлімде Евгений Брусиловскийдің «Дудар-ай» және Иоганнес Брамстың Скрипка мен оркестрге арналған D-dur концерті орындалады. Солист – халықаралық байқаулардың лауреаты, Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева. Екінші бөлімде - Людвиг ван Бетховеннің A-dur №7 симфониясы орындалады.
21-22 мамырда Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиевтің музыкасына Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» балет-толғанысын тамашалауға болады. Тарихи тақырыпқа балет қою жайлы идея «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қорына» тиесілі. Бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ.
27-28 мамырда «HasSak» этно-фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен өтетін «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасымен «Астана Балет» театрының гастроль шымылдығы жабылады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған хореографиялық миниатюралар бай дәстүрімізді суреттеп, әсем музыка және қайталанбас көркем бейнелерімен ерекшеленеді.