Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Балалар жылының аясында, 1-маусымда «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің «Magic moments» атты концерті өтеді.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева осы концертке қатысатын ҚазҰӨУ мектебінің аса дарынды оқушыларының ішінен халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттарын іріктеп алды.
Кеш бағдарламасына орыс және шет елдің классикалық шығармалары енді. Маэстро Арман Оразғалиев жетекшілік ететін «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жас музыканттар А.Вивальди, П.И.Чайковский, Ф.Шопен, Ю.Полунин, С.Меркаданте, Н.Расауро және өзге де әйгілі композиторлардың шығармаларын орындайды. Осы ғажайып музыкалық шығармалар талай буынның жүрегін тербеп, ғасырлар өтсе-дағы өзінің тартымдылығын жоғалтпай, шығармашылық түпкі ойының тереңдігінің арқасында тыңдарманның көңіл пернесін шертіп, санасына қозғау салады.
10-11 маусымда «Астана Балет» театрының сахнасында «Бір актілі балеттер кеші» өтеді. Бірінші бөлімде Раймондо Ребек қойған «Өткенге саяхат» («A Journey of a Memory») бір актілі балеті көрсетілмекші. Жас неміс балетмейстерінің өнерге деген көзқарасы тың, сонымен бірге, көрермен қауымды бейсана әлемінің құпиясына жетектеп апарудың өзіндік жолын біледі.
«Әрқайсымыздың естеліктеріміз бар – бірі жақсы, бірі жаман. Уақыты келгенде олар бізді мазалауын қойғанымен, бейсанамызда хатталып қалғандықтан, бүгінімізге әсер етіп, келешегімізді қалыптастырады», - деген ойымен бөлісті қоюшы-хореограф.
Екінші бөлімде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» («Баяу жалын») туындысын тамашалай аласыз. Бұл – танго мәнеріндегі би қиялы. Мұнда эмоциялық күйіңіз ғана емес, мінсіз орындаушылық шеберлік те өте маңызды. Аргентиналықтар сүйікті биін «махаббат әні» деп атайтын көрінеді. Әйтсе де, көркем, жасырын, ал, кейде алаулаған жалынға айналатын буырқанған сезім құштарлыққа ғана негізделсе сағымға айналары кәдік.
Айта кетейік, «Астана Балет» театрының Алматыдағы «Almaty Theatre» сахнасындағы гастролі жалғасып жатыр. 21-22 мамырда Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиевтің музыкасына Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» екі актілі балеті көрсетіледі. Тарихи тақырыпқа балет қою туралы бастаманы «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» көтеріп, «Самұрық-Қазына» АҚ бас серіктес ретіне демеу көрсетті.
Ал, 27-28 мамырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы «HasSak» этно-фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен өтетін болады.
Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.