2022 жылдың 28 маусымында сағат 15:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде БАҚ өкілдеріне арналған жаңа, тұрақты «Заманауи сәндік-қолданбалы өнер экспозициясы» бойынша баспасөз-туры өтеді.
Сәндік-қолданбалы өнер көрмесіне гобелендер, киіз және кестеленген паннолар, теріден жасалған картиналар, сондай-ақ әр жылдары Қазақстанның қолданбалы өнерінің белгілі кәсіби шеберлерінің қолынан шыққан күміс және мельхиордан жасалған авторлық зергерлік бұйымдар қойылған. Олардың ішінде: Құрасбек Тыныбеков (1947-1980), Ирина Ярема, Бәтима Зәуірбекова, Жәңгір Үмбетов, Амангүл Иханова, Раушан Базарбаева, Әлібай және Сәуле Бапановтар, Күлипа Жұбаниязова, Анатолий Ботвин, Решат Қожахметов, Зейнелхан Мұхамеджан, Виктор және Юрий Поповтар және т.б. бар.
Қазіргі заманауи сәндік-қолданбалы өнердің ең белгілі және көп тараған түрлерінің бірі – гобелен. Оның тарихы 1937 жылы "Кілемші" артелінде гобелен шеберханасының ашылуынан бастау алады. Шеберхана 11 жыл жұмыс істеді. Қазақстан гобелен мектебінің келесі даму сатысы 1970-жылдардың бірінші жартысында тоқыма өнері бойынша арнайы білім алған суретшілердің шығармашылығымен байланысты. Бұл кезеңде гобеленнің дамуына кескіндеме өнері маңызды ықпал етті. Гобеленде кескіндеме туындылары іспетті күрделі кеңістік пен колористік міндеттер шешімін табады. Көп фигуралы, тақырыптық композициялар жасалып, кейінірек бұған абстракциялық құрылымдар да қосылды.
Гобеленнің дамуына Құрасбек Тыныбеков (1947-1980) зор үлес қосты. Экспозицияға шолу автордың «Тау мен дала аңызы» (1979), «Байқоңыр» (1980) монументалдық туындыларынан басталады. Олар дәстүрлі халықтық қолданбалы өнердің үлгілеріне сәйкес композициялық және ырғақты түрлілігімен көрерменге қуатты оң энергияны шығарады.
Бәтима Зәуірбекова – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Көбінесе үйлесімділік, тазалық және руханияттың символы ретінде әйел бейнелерін жасайды ("Кеңістік" гобелені 1975). Суретші сұлулықтың көріністерін барлық жағынан көреді: айналасындағы адамдардың өмірінде, табиғат бейнелерінде, объективті әлемде. Кеңістікті толқын тәрізді түсті модульдермен ұйымдастыруы, формаларды анықтаудағы сызықтық және бейнелеу әдістерін біріктіруі – суретшінің көркемдік тәсілінің ерекшелігі.
Ирина Ярема – Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол Алматыға 1968 жылы келді. Суретші фактуралық тоқыманың жаңа технологиялық тәсілдерін пайдаланды. Қазақстанның ежелгі петроглифтері тақырыбына алғаш композиция құрғандардың бірі.
Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапанова – ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, сәндік-қолданбалы өнердің хас шеберлері, көптеген көрмелерге, семинарлар мен фестивальдарға қатысушылар. Олардың гобелендері мен киіз панноларында кескіндемелік және графикалық композициялардың принциптері, түстік қатынастардың сәнділігі мен қайшылығы үйлесім тапқан. Және табиғи тастарды өңдей отырып, жаңа техника мен материалдарға тәжірибе жасайды. Бұл шеберлердің шығармашылығын заманға сай бейнелі ете түседі. Ә. Бапанов – «Зымыраған уақыт» гобелені (2007), «Жер-Ана» панносы (2016); С. Бапанова – «Галактика» панносы (2016), «Үш Әлем» гобелені (2016).
Базарбаева Раушан жергiлікті және шетелдік сәндік-қолданбалы өнердің түрлі көрмелерімен Фестивальдарының белгілі қатысушы. Шебердің «Ағаштар. Метаморфозалар» (2016) және «Өмір ағашы» (2015) гобелендерін осы көрмеде тамашалауға болады. «Өмір ағашы» гобелені Әлемнің универсал моделін білдіретін бәйтеркті бейнелей отырып, сақ мифологиясының желісімен тоқылған. Қасиетті ағаштын бұтақтарында қонып отырған құстар мифологиялық кейіпкерлердің рухын тұлғалайды.
Заманауи сәндік-қолданбалы өнер экспозициясы суретшілердің түрлі ұрпақтарына жататын қазақстандық керамика және заманауи зергерлік өнер шеберлерінің шығармашылығымен таныстырады. 1970-ші жылдан 2000-шы жылдың басына дейінге кезеңінде жасалған авторлық түпнұсқа туындылары жаңа формаларды, бейнелерді және көркем-пластикалық шешімдерді іздеумен сипатталады.
Ажарова Нұржамал Бекбосынқызы,
Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері