«Қазақфильм» киностудиясына кореялық Big ocean entertainment кинокомпаниясының өкілдері келді.

Big Ocean Entertainment - сериалдар, фильмдер мен музыкалық контенттердің ірі өндірушісі. Сондай-ақ, компания ойын-сауық шоуларын жасайды.

Ш.Айманова атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев Корея кинематографиясын үлгі ететінін атап өтті.

"Біздің отандық фильмдерiмiз корей кинофестивальдеріне белсенді қатысады. Киноиндустрияда алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйену - үлкен мектеп. Сондықтан екі елдің достық қарым-қатынасын дамыта отырып, бiрлескен жобаларды қолға алуға әрдайым ашықпыз", - деді А.Сатаев.

Өз кезегінде Big ocean entertainment кинокомпаниясының өкілі Кореяның Қазақстанмен киноиндустрия саласында ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.

"Күзде біз Қазақстанда конференция өткізгіміз келеді. Киноиндустрияның танымал өкілдерін шақырып, бiздiң киноиндустриямызды жақыны рак таныстырсак дейміз. Сондай-ақ қазақстандық тәжірибені зерттеу де бiз үшін маңызды. Өндірісте тәжірибе алмасу мүмкіндігін қарастырамыз. Бізге Қазақстандағы локацияны жандандыру жоспары өте қызықты. Сонымен қатар, сіздің отандық актерлеріңізбен Қазақстанда корей фильмінің ремейкасын түсіруді ұсынамыз", - деді Big ocean entertainment корей кинокомпаниясының басқарма төрағасы Хван Донг Соб.

Кездесу барысында Қазақфильм қызметкерлері шетелдік кино мамандарына павильондарды аралатып, анимациялық кешенді көрсетті. Долби-залы мен шоу-рилге экскурсия ұйымдастырды. Сонымен қатар, жаңа форматтағы "Медиа және кино мектебінің" жұмысымен таныстырды.

"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КеАҚ басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев Қазақстанда сериалдар өндірісі жақсы дамып келе жатқанын тiлге тиек етті.

"Бүгінгі таңда отандық сериалдар өндірісі қарқынды дамып келеді. Біз бұл бағытты дамыту жолында тұрмыз. Соңғы жылдары корей сериалдары жоғары рейтингтерге ие болғаны белгілі. Еліміз өндірілетін өнімнің сапасын жақсартуға және үздік нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылады", - деді Е.Қосубаев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға ниет білдірді.