Жаңа жыл қарсаңында «Астана Балет» театры Қазақ ұлттық хореография академиясымен бірлесе отырып, көрермен назарына В.Вайнонен редакциясымен Ресей халық әртісі А.Асылмұратова қойған П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетін тарту етеді.

Ертегі-балеттің жыл сайынғы көрсетілімі 20-25 және 26-31 желтоқсан аралығында, маэстро А.Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

Жаңа жылдық спектакль әлемге кең жайылып, Иса Мәсіхтің туған күні мен жаңа жылдық мерекелердің символына айналды. Бұл спектакльдің ондаған интерпретациясы болғанымен, ең сәтті әрі көркем редакция В.Вайнонендікі болғандықтан, ол дүниежүзінің жетекші театрларының біразының репертуарында бар. Аты аңызға айналған балетмейстер бұл спектакльді балалар мен ересектерге лайықтап жасаған.

«Щелкунчик» спектаклі бойыңыздағы асыл сезіміңізді оятып, ең бастысы, бұл туынды балаларға ұнайтыны сөзсіз. Себебі, спекаткль – бұл жалғанда орын алатын ғажайыптар жайлы. Махаббат пен достық туралы романтикалық оқиға соңында жақсылық салтанат құрғанымен, кейіпкерлерге бәрібір алаңдап отырасыз... Сахнаға нағыз ғажайып орын алады: үміт, асыл сезім мен мейірімге толы мерекелік атмосфера орнап, жаңа жылдық шырша жарқырап, қуыршақтарға жан бітеді...  

Премьерасы 2017 жылдың желтоқсанында өткен бұл спекаткль «Астана Балет» үшін, 1892 жылы алғаш қойылған «Щелкунчик» қойылымына бейнелі түрдегі сілтеме болғандай. Ол кезде де, Ресейдің «мәдени орталығы» саналған Мариин театрында басты балалар рөлін Петербор Императорлық театр училищесінің оқушылары орындаған болатын. Қазір бұл оқу орны – Ваганова атындағы орыс балетінің академиясы. 

Спектакльге Хореография академиясының екі жүзден астам оқушысы қатысып, бірінші және екінші акттегі балалар сахнасын орындайы. Соның ішінде, ақшақарлардың әсем биі, дивертисменттегі қуыршақтар биі. Ал, Академияның студенттері болса, Маша мен Ханзаданың басты рөлдерін «Астана Балет» театрының үздік әртістерімен қатар орындайды.

«П.Чайковский балет музыкасына тұтастық пен драматургияны енгізді. Яғни, бұл шығармада бәрі бірімен-бірі астасып жатыр. Дирижер ретінде мен үшін, ең бастысы, көрермен қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлау маңызды. Спектакльден кейін осы бір асқақ сезімнен айырылмаса екен, деймін. Екінші міндетім, оркестріміздің орындауында композитордың музыкалық мәтінін мейлінше дәл жеткізу», - дейді театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев.

Театрдағы жаңа жылдық атмосфера мен «Щелкунчик» ертегі-балеті ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Әртістердің әр қимылы оркестрдегі аспаптардың сиқырлы дыбысымен үйлесім тауып, үндесіп, басты кейіпкерлердің артистизмі мен эмоциясы сахнадағы сиқырлы көріністен ерекше рухани ләззат сыйлайды.

«Кішкентай әртістер не істеп жүргенін ұғына бастаған шағын бақылағанда ерекше күйге түсесің. Осы бейнелер арқылы, хореография мен музыка арқылы олар балетті танып, болашақ мамандықтарын да терең ұғынып, оның мән-мағынасын да түйсіне бастайды. Бұл ғажайып ертегі, нағыз қиял. Бұл спектакльдің көрсетілімін жыл сайын ерекше күтетіні де бізге қанат бітіреді. Атқарып отырған еңбегіміздің жемісін көргендей боламыз», – деген ойын білдірді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.  

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.