Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 31 қаңтары күні сағат 15:00 де қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтеді.
Мұқай Баққожа 1948 жылдың 31 қаңтарында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.
1971 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдәп, 1975 жылы Райымбек аудандық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Хантәңірі») газетінде еңбек жолын бастаған. 1970-1988 жж. «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет істеген. 1990-1995 жж. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында Бас редактор, басқарма бастығы болған. 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамын ұйымдастырып, басшылық жасады. Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшесі. Бірнеше медальдармен марапатталған. «Парасат» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарған.
Баққожа Мұқай – алғашқы туындыларын 17-18 жасында жариялаған. Тәңірі кеудесіне айрықша шығармашылық қуат пен таным берген жазушы, өз талантын бабында ұстап, үнемі тәрбиелеп үздік туындылар ұсынып отырған. Ол «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» атты романдары мен «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», «Дүние кезек», «Тоят түні», «Жеті желі», «Алғашқы махаббат», «Ертегідей ертеңім» кітаптарының авторы. Шығармалары тәжік, қырғыз, белорус, якут, татар, башқұрт, чех, орыс, өзбек, қарақалпақ, түрікмен, корей тілдеріне аударылған. Орыс тілінде 1984 жылы «Водоворот», 1988 жылы «Белая птица» кітаптары шыққан. Оннан астам драмалық шығармалары Қазақстандағы және шет елдердегі театрларда қойылған. Бірқатар жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. «Қош бол, менің ертегім» пьесасы мен «Аққу сазы» хикаялар кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы, Қырғызстан Республикасының Т.Әбдімомынов атындағы әдеби сыйлығы, «Өмірзая» романы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы беріліп, «Парасат» орденінің иегері атанған.