2023 жылдың 10 ақпанында сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде график-суретшісі Кәрім Теміртасұлы Бекеновті (1938-2022) еске алу көрмесі ашылады.
Қазақ графикасының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Журналистер одағының мүшесі, Полиграфияға еңбегі сіңген қайраткер, ВЦСПС баспасының үздігі, баспаларда жарияланған «Кітап өнері» халықаралық және республикалық бірнеше конкурстің дипломанты Кәрім Бекенов ғажайып аңыз, эпос-жырларға жан бітірген график-суретші.
Кәрім Теміртасұлының шығармашылық өмірі халық аңыз ертегісі мен эпостық жырлардан бастау алды. Суретші белгілі бір мәтіндегі кейіпкерлерді бейнелеуде әңгіме уақиғаларды көзбен көргендей ғажайып бір өмірге енгізе, ақиқатты сезінуге жетелейді. Ол қазақ поэзиясының қазынасына енген «Қобыланды батыр», лирика-эпостық поэмасы – «Қыз-Жібек», халық ертегілері – «Тазша бала (қырық өтірік)», «Алдаркөсе», «Мың бір түн», 2-томдық «Әлем халықтарының ертегілері», сондай-ақ халық ақын-жазушылары Бейімбет Майлиннің «Раушан – коммунист», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу», Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Құрманбай Толыбаевтың «Дән», Шыңғыс Айтматовтың «Мәңгүрт», Әбіш Кекілбаевтің «Бір шөкім бұлт», «Шыңырау» шығармаларына иллюстрациялық парақшалар жасап безендірді. Аталмыш мәтіндердің иллюстрациялық парақшаларда тұлғалық қасиет пен мінез ырғақты сызықтармен дөп табылған. Суретшінің тақырыпқа қарай ізденістері эстетикалық, психологиялық сезімді сездіре, ондағы адамгершілік пен тәрбиелік мәнді тануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оның графикалық композициялары ерекше бір көркемділік пен контрастық үйлесімділікте шешілген.
Бейнелеу өнер тарихында өшпес мұра қалдырған суретші Бекенов Кәрім Теміртасұлы (1938-2022) 1938 жылы 10 қазанда Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ключи ауылында дүниеге келді. 1965 жылы Н. В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1967-1968 жылдары «Целиноград ХПМ» суретші көркемдеуші қызметін атқарды. 1973 жылы Мәскеу полиграфия институтын тамамдады. 1965-1997 жылдары ол мамандығы бойынша «Мектеп», «Жеті қара», №1 баспахана баспасында көркемдеуші редактор, аға техникалық редактор, бас суретші, Көркемсурет бөлімінің меңгерушісі, 2007-2011 жылдары Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның «Графикалық дизайн» кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарды.
Кітап көркемдеудегі суретшінің кәсіби шеберлік тұлғасын, ішкі жан дүиесін, рухани болмысын әрбір жасаған иллюстративтік композициясынан тануға болады. Өйткені, белгілі бір тақырыптың астарын бейнелік композиция арқылы терең түсінік беретін әрбір ырғақты сызықтары тарихтың өткен сарынын, ондағы ақиқаты айқындаған.
Суретші Кәрім Бекенов Қазақ халқының жыр-дастандарына, белгілі ақын, жазушыларымыздың құнды еңбектеріндегі ғажайып ортаны және ондағы сюжетті толық түсінуге мүмкіндік береді. Бүгін де, суретшінің қайталанбас бір ерекше шығармашылық туындылары ой елегінен зерделеген әрбір кейіпкері ұрпақтар сабақтастығында тарихи бір сарын желісі екенін дәлелдейді.
Экспозиция наурыз айының 12-не дейін жалғасады.