Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2023 жылдың 21 сәуірі сағат 15.00-де Қазақстан археологиясына қомақты үлес қосқан ғалымдар, академик Ә.Х. Марғұлан мен оның шәкірті, тарих ғылымдарының кандидаты, көрнекті археолог Ж.Құрманқұловтың 75 жылдық мерейтойына орай «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» атты көрме ашады.

Көрменің мақсаты ұстаз Ә.Х. Марғұланның және білікті маман  Ж.Құрманқұловтың ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан археологиясының өзекті мәселелерінің дамуындағы өмірлік және шығармашылық жолы, ғылымға қосқан үлесімен таныстыру.

Академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның (1904-1985) зерттеулері археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40-жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.

Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә.Х. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік етті. Қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын ғылыми негізде дәлелдеді.

А.Х. Марғұлан 14 томдық іргелі еңбектерден тұратын орасан зор ғылыми мұра қалдырды.

Көшпелілердің және олардың мұрагерлері – қазақтардың материалдық мәдениетінің тарихы ғалымның «Казахское народное прикладное искусство» деген еңбегінде толық сипатталады. Ә.Х. Марғұланның «Древние караванные пути через пустыню Бетпак-дала», «О происхождении племени канглы», «О значении эпиграфических памятников Казахстана», «Шоқан және Манас», «О наследии Машхур-Жусуп Копеева», «Ежелгі жыр аңыздар» т.б. еңбектері біздің ата-бабаларымыздың терең де бай рухани әлемінің куәсі деуге болады.

Жолдасбек Құрманқұлов – академик А.Х. Марғұланның соңғы шәкірті, ол Қазақстанда ғана емес, шетелде де белгілі ғалым. 1974 ж. бастап жас ғалым Ә.Х. Марғұлан жетекшілік еткен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының (әрі қарай – ОҚАЭ) құрамына өтті, бүгінгі күні осы экспедицияға жетекшілік етіп Ә.Х. Марғұлан бастаған ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыруда.

Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен ұзақ жылдар бойы ОҚАЭ-ның Қарағанды облысы территориясындағы Ортау, Қызылтау, Ақмая, Өгізтау, Ақтау таулар аралығынан әр тарихи кезеңге жататын 100-ге жуық ескерткіштерді анықтап, картаға түсіреді. Солардың ең негізгілері Ақ Мустафа, Ақмая, Мыржық, Атасу қоныстары – қола дәуірінде түсті металл балқытатын орындары орналасқан. Зерттеу нәтижелері Ә.Х. Марғұланның «Беғазы-дәндібай мәдениеті», М.Қ. Қадырбаев пен Ж.Құрманқұловтың «Культура скотоводов и металлургов» еңбектері мен көптеген ғылыми мақалаларында жарияланып, бүгінгі археолог ғалымдардың еңбектеріне арқау болды.

Ж.Құрманқұлов басқарған ОҚАЭ-ның тағы бір іргелі ғылыми бағытына көне заманғы монументалды өнер туындылары саналатын тастан жасалған мүсіндер – балбал болды. 1982-1983 жж. Мыржық ғибадатханасын, 1990 ж. Ақтоғай ауданы, Жіңішкенің бойындағы қыпшақ ғибадатханасын, 2010 ж. Ұлытау ауданы, Қорғантастағы қоршауды, 2013-2014 жж. Ұлытаудағы Айбас-Дарасының жанындағы мүсіні бар сақ обасы және осы аймақтағы – тастағы суреттерді (петроглиф) зерттеді.

Ғалым 1973-1974, 1976, 1980-1981 жж. Ақтөбе алқабын мекен еткен ерте темір дәуірінің тайпаларының көне өркениет өкілдері болғанын дәлелдейтін Бесоба, Сынтас, Жалғызоба, Нагорное қорымдарында  зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Сыр өңіріндегі тарихи құндылығы зор ескерткіштерді зерттеу мақсатында 1998 ж. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректоры Қ.Бисеновтің қолдауымен барлау экспедициясы жасақталды.  2004 ж. ескерткіштерді ауқымды зерттеу мақсатында Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (әрі қарай – ШРАЭ) және осы экспедиция құрамында Бәбіш мола, Бұланды ескерткіштерінде кешенінді зерттеу отрядттары өз жұмыстарын бастады.

Көрмеде Ә.Х. Марғұлан мен Ж.Құрманқұловтың археологиялық ізденістер барысында жиналған: 1946-1997 жылдар аралығындағы ОҚАЭ, 2005-2022 ж. ШРАЭ, 1973-1974, 1976, 1980-1981 жж. Батыс Қазақстан аймағын мекен еткен сармат тайпаларының, сондай-ақ Нұра өзені маңындағы қорымдардан табылған артефактлер және орта ғасырдағы құрылыс-сәулет өнері ескерткіштер қаптама тақталары (изразцы) қойылады. Көрмеде ғалымдардың жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері, фотосуреттері, ғылыми-зерттеу еңбектері де келушілер назарына ұсынылады.