8 қараша 2025 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры композитор Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсын Қазақстанның халық артисі, Атырау облысының Құрметті азаматы, профессор Ғафиз Есімовтің жарқын бейнесіне арнайды.
Ғафиз Есімов – қазақ вокал өнерінің көрнекті өкілі, белгілі опера әншісі, режиссер, педагог және қоғам қайраткері. Оның шығармашылық өмірі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрымен тығыз байланысты болды. Көп жылдар бойы ұлттық және әлемдік классикалық репертуардың жетекші партияларын орындап, көрермен жүрегінен берік орын алды.
Әнші сомдаған есте қаларлық бейнелердің қатарында – Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамиди «Абай»), Жанбота (М. Төлебаев «Біржан – Сара»), Тарғын (Е. Брусиловский «Ер-Тарғын»), Онегин, Роберт (П. Чайковский), Жермон (Дж. Верди «Травиата») және басқа да партиялар бар.
Педагог ретінде Ғафиз Есімов көптеген дарынды жас орындаушыларды тәрбиелеп, олардың халықаралық байқауларда жеңімпаз атануына және еліміздің жетекші театрларында қызмет етуіне жол ашты. Ол ұлттық вокал мектебінің дамуына және қазақ опера өнерінің дәстүрін сақтауға зор үлес қосты.
Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы – қазақ музыкалық театрының алтын қорындағы туынды. 1946 жылы жазушы, әдебиеттанушы Қайым Жұмалиевтің либреттосы негізінде дүниеге келген бұл шығарма XIX ғасырдағы әйгілі айтыс – Біржан сал Қожағұлұлы мен ақын Сара Тастанбекқызының өнер сайысын арқау етеді. Опера еркіндік пен шығармашылық рухын, адамгершілік пен махаббаттың асқақтығын дәріптейді.
ҚАТЫСУШЫЛАР МЕН ОРЫНДАУШЫЛАР:
Біржан — ТАХАУИ РАХМЕТОВ
Сара — АЯЖАН ҚУАНШАЛИЕВА
Алтынай — МӘДИНА ЕРЛАНОВА
Жанбота — ТАЛҒАТ ҚҮЗЕМБАЕВ, Қазақстанның халық артисі
Жиенқұл — ТӨЛЕГЕН РАХЫМБАЕВ
Қожағұл — ЖАНДАРБЕК ЕРКІНБАЕВ (алғашқы орындау)
Аналық — ДИНА ХАМЗИНА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Естай — БОЛАТ БӨКЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Серік — ДАРХАН ЖОЛДЫБАЕВ
МолДалар: СЕРІКҚАЛИ АУҚАТОВ, ИЛЬЯС АРТАҒАЛИЕВ, ҚАЙРАТ ӨМІРБЕКОВ,
ТАИР ТӘЖІ, ЕВГЕНИЙ ШАГАРОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИҰЛЫ, ӘЛИХАН БЕЙСЕКОВ (алғашқы орындау)
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының симфониялық оркестрі, хоры және балеті
Дирижёр – ҚУАНЫШ ИСМАИЛОВ
Бас хормейстер – АЛИЯ ТЕМИРБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Оперлық труппаның көркемдік жетекшісі – БОЛАТ БӨКЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Балет труппасының көркемдік жетекшісі – ГҮЛЖАН ТҮТКІБАЕВА, Қазақстанның халық артисі