2023 жылы 17 қыркүйекте сағат 19.00-де  Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде қала күніне орайластырылған «Мың бояулы Алматы» атты көрмесінің салтанатты ашылуы өтеді.

Көрме  музей қорынан 40-тан аса кескіндемелік туындылар негізінде дайындалған. Алматы қаласының әсемдігін, тыныс-тіршілігін, уақыт ағымын, тарихи өткен кезеңдерін өміріндегі түбірлі өзгерістерді көз алдымызға қазақ бейнелеу өнерінің шеберлері сөзсіз баяндайды.

Алматы тақырыбына көптеген өнер майталмандары қалам тартты. Алматы кез келген адам жанына рахат сыйлап, адамды өзіне әсемдігімен баурап алатын мәдени орындарымен де көрікті..Экспозиция сюжеттері қалалық, сәулеттік және өндірістік пейзаж жанрында жасалған жұмыстар топтамасына негізделген.

Қала пейзажы – алматылық суретшілердің сүйікті жанрларының бірі. Олар көрермен назарына Алматының ерекше әсем көрінісін ұсынады. Өткен ғасырлармен қазіргі кезеңде жасалған бұл шығармалар  қаланың бай шежіресін бейнелейді. Туындылар табиғатпен үндескен әртүрлі сәулеттік ғимараттармен көрікті жерлерді бейнелеп қана қоймайды, сонымен қатар заман ағымын,  рухын  көркем суреттейді. Қаланың бейнелеу өнеріндегі бұл жанрдың дәстүрі соғысқа дейінгі және соғыс жылдарында қалыптасқан. Алғашқы үлгілерді ұсынғандардың арасында  Ә.Қастеев, Ү.Әжиев, А.Черкасский, О.Кужеленко, Р. Великанова, Ж. Шарденов, В.Колоденко, Ч.Кенжебаев т.б суретшілерімізді қаланың шуақты күн сәулесінің молдығы баурап алды.  Алматы бейнесі кескіндемешілер жазған шығармаларда табиғи түстердің көптігімен мың құбылып шебер суреттеледі.