Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 25 қыркүйек күні, сағат 15.00-де қазақ балет өнерінің хас шебері, педагог, балетмейстер Болат Ғазизұлы Аюхановтың туғанына 85 жыл толуына арналған «Менің балетім» атты көрме ашылады.    

Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. 1955 ж. Алматы хореография училищесін, 1964 ж.  А.В. Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін тәмамдаған.  Алғашқы еңбек жолын 1957 ж. Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болып бастаған. 1964 ж. бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер, 1965 жылдан «Қазақконцерт» екі актерлі Театрының балет солисі, ал 1967 жылдан «Қазақконцерт» жанындағы Алматы Жастар балеті көркемдік жетекшісі, балет солисі болды. 1975 ж. Қазақстан классикалық би Ансамблінің көркемдік жетекшісі, кейіннен директоры қызметін атқарды. 1991 ж. Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі,  2003 жылдан өмірінің соңына дейін өзі негізін қалаған ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры болды.

Б. Аюханов – өнертану ғылымдарының докторы, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, «Халықаралық ақпараттандыру академиясы» қоғамдық ұйымының мүшесі. Ол «Менің балетім» (1988 ж.), «Сезім биографиясы» (2000 ж.), «Балет витражы» (2005 ж.) кітаптарының авторы.  

1965-2010 жж. балетмейстер Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан астам театр қойылымын қойған. Режиссерлік-қойылымдық жұмыстары: 30 балет, 150 концерт. Қазақ балетінің аңызы, ҚР Халық әртісі Б.Ғ. Аюханов Құрмет белгісі, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972 ж.).  «Платиналы Тарлан» (2000 ж.), мәдениет және өнер саласындағы халықаралық Сократ сыйлығының (2010 ж.)  иегері.

Көрменің мақсаты: қазақ мәдениетіне сүбелі үлес қосқан, балет өнері тарихында өшпес із қалдырған хореограф, профессор Б.Ғ. Аюхановтың өмір белестері мен шығармашылық жолы, қалдырған мұрасын қала тұрғындары мен қонақтарына таныстыру.

Көрмеге келушілер Б.Ғ. Аюхановтың өмірінен сыр шертетін әр жылдардағы фотоматериалдар, өзіне тиесілі жеке заттары, марапаттары және ғылыми еңбектерімен таныса алады. Сонымен қатар көрме экспозициясының елеулі бөлігіне бишінің түрлі қойылымдарда киген сахналық костюмдері қойылады. Олардың қатарында Б.Ғ. Аюхановтың ұстазы, Қазақ КСР халық әртісі А.В. Селезневқа тиесілі болған, кейіннен Б. Аюхановқа сыйға берілген сахналық костюмы келушілердің зор қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ, «Жас балет» театрында Куба биіне арнайы тігілген костюм (1965 ж.), Ян Сибелиустың музыкасына жазылған «Мұңлы вальс» классикалық биіне киген калетасы және «Гамлет» балетіндегі өзінің сүйікті партиясын орындағанда киген костюмі де ұсынылады.

Көрме Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорындағы Б.Ғ. Аюхановтың жеке кешенінен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық  би театрынан алынған материалдар негізінде жасақталған. 

Көрме музейдің №3 экспозициялық залында орналасқан.