ҚР Мемлекеттік орталық музейінде РЕСПУБЛИКА КҮНІ мерекесіне орай, 2023 жылдың, 24-қазаны күні, сағат 11.00-де «ЖАЛАУЛЫ КӨМБЕСІ – ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУ БҰЛАҒЫ» атты кездесу кеші өтеді.
Шараның мақсаты – 1988 жылы Жалаулы көмбесін кездейсоқ тауып алып, ғылыми айналымға енуіне себепкер болған сол кездегі ойын балалары Тынышбек Мұқажанов, Ермек Мұхамеджанов, Айқын Әмекұлы есімді азаматтарды халыққа таныстырып, жас буынның бойындағы Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Тарихқа шегінсек, 1988 жылы сәуір айының басында Жалаулы ауылының мектеп оқушылары (Алматы облысы, Кеген ауданы) кездейсоқ, ғылымға «Жалаулы көмбесі» атымен енген көне алтын әшекейлер көмбесін табады. Бұл кездейсоқ олжа жайлы тарих, мәдениет ескерткіштерін қорғау Қоғамының Алматы облыстық кеңесіне, ҚазКСР тарих, этнография және археология Институтының ежелгі археология бөліміне хабарланды. Жалаулы ауылында К.А. Ақышев бастаған археологтар тобы көмбе орнын барлап, біршама қазба жұмыстарын жүргізді. Киімдердің, белдіктер мен ат əбзелдерінің (саймандарының) əшекейлері жəне басқа да зергерлік алтын бұйымдардың жалпы саны алты жүзден асады. Олардың ішіндегі аса бағалысы – жарты ай тəрізді иіліп келген алтын пектораль. Оның жоғарғы жағы асыл тастар қондырылған арқар мүсіндерімен безендірілген. Құс қондырған қос марал бейнесі бар əшекей де əсемдігімен ғана емес, айтар ой, мағынасымен де тосын дүние. Б.з.д. V – ІІІ ғасырларда өмір сүрген сақ мəдениеті мұрасына жататын Жалаулы қазынасы əлі толық зерттеліп, ашыла қойған жоқ.