Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен Мемлекеттік орталық музейі министрлікке қарасты оқу орындарымен бірлесе отырып, Студенттер күніне орай 2023 жылдың 16-қарашасында сағат 16.00-де "Музейдегі сол бір кеш" мәдени-танымдық кешін өткізеді. Жобаның бас серіктесі Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы.

Кештің мақсаты - студенттерді халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен таныстыру, жастардың рухани білімін арттыра отырып шығармашылық қабілеттерін жандандыру және музейдің оқу орындарымен байланысын нығайту. Сондай-ақ, бұл шара ата-бабаларымыздан жеткен тарихи мұралар мен құндылықтарды құрметтейтін мамандарды қалыптастыруға, студенттердің музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылығын дамытуға бағытталған.

Студенттер «Домбыра патиге» қатынасып, Абай Құнанбаев, Махамбет Өтемісұлы, Біржан сал домбыраларының көшірмелерінде ойнау мүмкіндігіне ие болады. Жобаға қатынасушылар өз білімдерін, тапқырлықтарын «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынында көрсете алады. Кештің көркін қыздыру үшін жоғарғы оқу орындары студенттерінен құрылған КВН командалары «Музей кубогы» үшін бақтарын сынайды. 

Іс-шара аясында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Болат Әбділманов пен  және ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, еліміздің түрлі сахналарында 200-ден астам театр қойылымдарын жүзеге асырған Қазақстанның белгілі сценографы Есенгелді Тұяқовпен кездесу ұйымдастырылады.

Кеш қонақтары «Сценография: сахнада 50 жыл» көрмесіндегі декорациялардың эскиздерімен, театрларды сахналық безендіру өнерімен және сахнада көркем образ жасау құпияларымен танысады.

Студенттер үшін арнайы дайындалған фотоаймақта суретке түсіп #Орталық_музей, #Музейдегі_сол_бір_кеш хештегтерін белгілеу арқылы ерекше сурет ұсынған студенттер (қаралым мен пікірге баға беріледі) және зияткерлік ойындарға, байқауларға қатысқан жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар,  «Ашық қор» және «Антропология» залдарына тегін билеттер ұсынылады.

Қазақстанның танымал әншілері мен студенттердің қатысуымен мерекелік ән кеші, шеберлік сабақтары және экскурсиялар ұйымдастырылады.

Орталық музей сіздерді ұмытылмас кештің куәсі болуға шақырады! Студенттерге студенттік билетпен кіру ТЕГІН!

Өтетін орны: Алматы қаласы «Қазақстан Респубилкасы Мемлекеттік Орталық музейі»  «Самал-І» ықшам ауданы 44

Өтетін уақыты: 16.01.2023 ж. сағат 16:00 – 20.00. Ашылуы 16.00