2023 жылдың 21 қарашасында сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қазақстанның барлық мәдени қоғамдастығы Түркі әлемінің көрнекті суретшісі, дарынды және тамаша басшы, қазақ қылқалам өнері шеберлерінің көшбасшысы, «Қазақстан Республикасы көркемөнер академиясы» қоғамдық қорының президенті, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық сыншылар мен өнертанушылар қауымдастығының (AICA) толық мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚРКА бас сарапшысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Отан» ордендерінің иегері, Талғар ауданының құрметті азаматы Амандос Ақанаевтың 75 жасқа толу және шығармашылық жолының 55 жылдығы мерейтойын атап өтіледі.

Сағат 14:00-де «Амандос Ақанаевтың ғаламы» көрмесі аясында дөңгелек үстел өтеді.

Амандостың ерекше қасиеттері – зиялылық, адалдық және жанының нәзіктігі. Лаура Уразбекованың пікірі бойынша «Амандостың психологиялық аналитикалық шығармашылық дарынының сыры сөзсіз табиғи болып табылады». Ол атақты Ақанаевтар әулетінің, Амандос Ақанаев пен Нелли Бубенің генетикалық дарынын сіңірген балалары мен немерелерінің көшбасшысы.

Кескіндемеші ретінде Амандос Ақанаев Азия көшпенділерінің мифтері мен дәстүрлерін, қазақ кеңістігін қазіргі заманмен үйлестіре отырып – «неодәстүршілдік» атты өзіндік стиль жасады; кенептің шекарасын «рельефті кескіндемеге» дейін кеңейтті, бояулар мен металды қолданып, арнайы кескіндеме матасын жасады: «Сансараның дөңгелегі», «Аспан торы», «Ұмай Тәңірі» және т.б.

«Ұрпақ өз тарихының бейнесін білуі керек» деген кредосын негізге алып, мәдениет пен өнер қауымдастығын біріктіруге ұмтылған Амандос Әтібекұлы «Қазақстан Республикасының көркемөнер академиясы» қоғамдық қорының (2006 жылдан бастап) негізін қалаушылардың бірі болды. Академияның 17 жылдық кезеңінде ол шығармашылық топпен бірге: «Қорғандар және біз» – көшпелілер мәдениетінің мәдени және тарихи ескерткіштерін, сақ қорғандарын сақтау; Бесағаш ауылында «Ұлы Ел Тарандысы», «Астана-Эрмитаж» этнопарктерін, Талғар ауданының Қоғамдық шағын мәдени орталығын құру; бейнелеу өнерінің әртүрлі түрлері бойынша симпозиумдар, балалар көркемсурет мектептерінің балаларына арналған шеберлік сабақтарын өткізу, бірқатар төл туындыларды, оның ішінде «Қазақ өнерінің» 5 томдық және т.б. еңбектерді басып шығару сияқты бірегей жобалардың бастамашысы болды.

«ҚРКА» ҚҚ-ның жақын және алыс шетелдердің мәдениет және өнер қайраткерлерімен (Франция, Италия, Австрия – «Wienna fair» биенналесіне қатысу, Норвегия – «Библиялық даналық», Қытай, Жапония, АҚШ және т.б.) халықаралық достастықты кеңейту жетекші шарттары болып табылады.

«ҚРКА» ҚҚ-ның Ресей көркемөнер академиясымен және бүкіл әлем бойынша түркітілдес халықтардың мұрасын жүйелеу бойынша белсенді жұмыс жүргізуді өз міндетіне қойған «ТҮРКСОЙ» халықаралық мәдениет ұйымымен тығыз байланыстары мен бірлескен ынтымақтастық жоспарлары бар. ҚР Көркемөнер академиясының көрме ұйымдастыру қызметінің ауқымы кең – қазіргі уақытта Әбілхан Қастеевтің мерейтойына арналған көрмесін өткізуге дайындық жүріп жатыр.

Амандос Ақанаев Астана қаласында өткен мерейтойлық көрмесінің қорытындысы бойынша (06.10.23) келесі марапаттарға ие болды:

  1. «ОТАН» ордені – Отанымыздың ең жоғары наградасы.
  2. «Құрмет ордені» – «ONUR NISANI» – «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ең жоғары наградасы.
  3. «Алтын медаль» – Ресей көркемөнер академиясы (РКА) – орыс бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін.
  4. «Күміс медаль» - Ресей суретшілер одағы.
  5. Қазақстан Республикасы өкілдігінің құрметті басшысы атағы.
  6. «Өзбекстан өнер академиясының құрметті мүшесі» болып сайланды.

Мерейтой иесіне РКА Президенті З.К. Церетелидің, ҚР Парламенті Сенатының (М.С. Әшімбаев), Қырғыз Республикасының Ұлттық Көркемөнер академиясының (Т.С. Садықов), ҚР Қорғаныс министрлігінің (Р. Жақсылықов) және ҚР Суретшілер одағының (У. Жұбаниязов) құттықтау хаттары табысталды.

Мерейтой күндері – Амандос Әтібекұлы Ақанаевқа шын жүректен айтылған тілектер қабыл болсын. Әрбір күн майталман шеберді – оның шығармашылығының терең мәні болып табылатын Әділетті Қазақстан жолындағы жаңа жасампаз идеяларға және жаңа сапалы Ұлтты қалыптастыруға шабыттандырсын.

Экспозиция желтоқсан айының 12-не дейін жалғасады.