2023 жылдың 06 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде дүлдүл жырдың дарабозы, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Әміре Қашаубаевтың 135 жылдығына орай «ӘЛЕМДІ ӘНМЕН ТЕРБЕТКЕН ҰЛЫ ДАЛА ДҮЛДҮЛІ» көрмесі ашылады.
Музыкалық тілде жоғары тенор деп аталатын Әміре дауысы – табиғаттың қазақ халқына тарту еткен сирек сыйы. Бұл дауыс сезімінде сәулесі, көкірегінде көзі бар адамды бейтарап қалдыра алмайды. Әміре даусының мінсіз сұлулығы ғасырларда ғана қайталанар ерекше құбылыс. Қай әнді орындаса да сазы мен сырын жүрекпен жеткізетін Әміре Қашаубаев біртуар дарын иесі болған.
Оның орындауындағы әндер дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс тарапынан жоғары баға алған. «Әміренің әні «темпераменттің» шеңберіне сыймай, біз құтылуға асығатын өктемдіктен үстем барып, өзінің биік деңгейіне жайғасады. Төрт тондық жүйеге негізделетін ноталық жазуымыз бұл құбылысты әділ, риясыз бейнелей алмайды» деп таңырқай жазды «Париж апталығында» атақты француз композиторы Поль Ле Флем. Осылайша әлем жұртшылығы Әміренің өнері арқылы қазақ халқын таныды.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі қорында біртуар дарын иесінің жеке мұрағаты бар. Көрмеде Әміре Қашаубаевтың жеке заттары, домбырасы, портреті, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғалымдардың еңбектеріне аса мән беріледі. Сонымен қатар, көрме барысында музей кинозалында «Әміре» көркем фильмінің көрсетілімі жүреді.
Көрме 2023 жылдың 06 желтоқсаны мен 19 желтоқсаны аралығында өтеді.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Самал–1, 44 үй, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі.
Өтетін күні мен уақыты: 06 желтоқсан 2023 жыл, сағат 11.00.