Қазақ композиторының танымал шығармаларының бірін оныншы сынып оқушысы Аделина Мұхаметжанова орындады

Осылайша 16 жастағы Қазақстан азаматшасы Аделина Мұхаметжанова американдық тыңдаушыларының жүрегін жаулауды жалғастырып жатыр: ол АҚШ-тағы Миннесота штатындағы мектепке 2022 жылы қабылданғаннан кейін, бүкіл Америкадағы 9 вокальдық конкурсқа қатысса, оның көпшілігінде жүлделі орындарға ие болып келеді.

Өткен демалыс күндері ақтық сынға шыққандарды анықтаған «Radda Rise International Piano and Vocal Competition» халықаралық байқауы да осы табыстардың қатарынан табылып, бұл байқауда да Аделина қазылар алқасының бірауызды шешімімен Латиф Хамидидің «Бұлбұл» композициясымен бірінші орынға ие болды.

Қазылар алқасының мүшесі, беделді Saint Thomas Choir School вокальдық оқытушысы, Manhattan School of Music Precollege вокал факультетінің мүшесі Джузеппе Сполетини: «Аделина - виртуозды орындаушы және мен оның техникалық жағынан  өте күрделі композицияны таңдап, әрқайсымызға естен кетпестей әсер сыйлады дегеніме баршаның келісетіне сенемін. Менде бұл әннің не туралы екендігі жайлы мүлде түсінік жоқ. Бірақ ол мені әрбір нотаны сезінуге мәжбүрледі. «Бұлбұл» тағы да және тағы да орындалуы тиіс!»,  деді.

Ал Аделинаның өзі: «Байқауға мен 3 композиция ұсындым, және қазақтың академиялық классигіне ілтипат білдіріліп, осындай жылы лебіздер естігеніме өте қуаныштымын. Оған қоса менің бәсекелестерім өте мықты болды: 3-орын американдық өнер және музыка саласындағы ең ірі жоғары оқу орындарының бірі The Julliard School студентіне берілгенін білемін. Әрине, осындай жеңіс бұдан да көп еңбектенуге  құлшындырады», дейді.

Сонымен Аделина Мұхаметжанова 7 жылдан астам уақыттан бері академиялық вокал бойынша білім алып келеді, оның ұстазы – Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Вокал өнері» кафедрасының доценті Гүлнар Нұрғалиева.

2020 жылы Аделина Қазақстан Республикасындағы ең жас үміткер ретінде шығармашылық жетістіктері үшін «Жыл таңдауы» сыйлығымен марапатталды.

2019 жылдың желтоқсанында Аделина жеңімпаз ретінде Карнеги Холлда өнер көрсетті, ол бұл концертке American Protege байқауының жеңімпазы ретінде шақырылған болатын.

2018 жылы қазақстандық оқушы қыз Италияда Festival & Contest қауымдастығының президенті Кристиан Карочетидің арнайы жүлдесіне  ие болды

Сондай-ақ, жас өнерпаз – атақты халықаралық Sanremojunior байқауының жүлдегері (Сан-Ремо, Италия), Орыс әндері халықаралық фестиваль-байқауының финалисі (Лондон, Ұлыбритания), Зарина Алтынбаеваның «Prima Nota Fest» республикалық байқауының , Елена Образцова байқауларының жеңімпазы, Central Asia Got Talent шоуының қатысушысы (Қазақстан, 2022).