Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2024 жылдың 14-15 наурызында «Наурыз мейрамы» ұлттық мерекесіне орай дәстүрлі «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ» II Халықаралық ғылыми форумын өткізді.

Халықаралық форумда түркі халықтарының ортақ тарихына, мәдени және тілдік бірегейлікке, сондай-ақ ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамытудың барлық салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына қатысты мәселелер қарастырылды.

Форум жұмысының мақсаты: түркітілдес халықтардың этникалық тарихы мен мәдени мұрасын насихаттау.

Пленарлық мәжіліс отырысын Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет Комитетінің Музей қызметі және материалдық емес мәдени мұра басқарма басшысы Пазылова Гульзейнеп Анафияқызы ашты және ол өз құттықтау сөзінде: «Форум түркітілдес халықтардың этногенез тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеудің өзекті мәселелері талқыланатын ірі ғылыми-мәдени шара. Форум барлық түркі халықтарының этникалық тарихы мен мәдени мұрасы туралы білімді кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ежелгі көктем мерекесінің терең мағынасы насихаталуда. Сондықтан, бүгінде Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдері музейінің ғалымдары мен мамандары жиналған форум бүкілхалықтық мерекені танымал ету, сондай-ақ, оның тарихы мен ерекшеліктерін ғылыми зерттеу бойынша бірлескен идеялар мен тәжірибелерді әзірлеу, оны іс жүзінде жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін», – деді. 

Сонымен қатар, «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының түркітілдес қауымдастықтарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі, ТҮРКСОЙ музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі, т.ғ.д.., Мовсюмлю Джавид Эльшад оглу;          Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен Мюдеррисоглу және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директоры Р.Е. Харипова форум қатысушыларына құттықтау сөз сөйледі.

Форум пленарлық мәжілісінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білімтану Институтының директоры А.М.Фазылжанова «Қазақ тілінің ұлттық корпусындағы мәдени-семантикалық белгіленім: маңызы мен параметрлері»; Анкара университетінің тіл, тарих және география факультетінің профессоры Абдуллах Гондугду (Түркия) «Түркі халықтары мен Түркиядағы наурыз мерекесі», И. Арабаев атындағы Қырғыз университетінің профессоры, т.ғ.д., С.К. Алымкулова (Қырғызстан) «Обычай укладывания в колыбель у кыргызов», Ресей этнографиялық музейінің Кавказ, Орта Азия және Қазақстан этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Л.Ф. Попова (Ресей) «Первая весенняя перекочевка как обряд новогоднего цикла кочевников центральной Азии», Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің этнография бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор, Р. Шойбеков «Наурыз және дәстүрлі мерекелердің тәрбиелік мәні» баяндамаларын жасады.

14032024 4 1

Форум аясында «ТӘРБИЕ БАСЫ – ТАЛ БЕСІК» этнографиялық көрмесінің салтанаты ашылуы өтті. Көрменің негізгі мақсаты – қазақ халқының сонау түркі заманынан күні бүгінге дейін келе жатқан мұрасын, ғасырлар  бойы  болашағын қалыптастырған  тәлімдік жүйесі және ұлттық тәрбиесін дәріптеу және насихаттау.

Көрмеге 11 бесік және 70-тен астам қосымша экспонат қойылды. Олардың қатарында ежелгі Сарайшық және Талғар қалаларына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған түбек, шүмектер де бар.  Оның ішіндегі ең көнесі құба талдан иіліп, шеге қолданбай жасалған тал бесік. Бұл бірегей жәдігерді музей қорына саяхатшы, фотосуретші Таймас Қуанышұлы Нұртаев тапсырған. Сондай-ақ ағаштан жасалып, оймыштау тәсілі арқылы безендірілген бесік қойылды. Ол 1904 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Вановка ауылында жасалған. Ұлы жүздің Жұдырық руынан тарайтын Тілмембет Жолшыбек 1904 жылы дүниеге келген тұңғыш қызы Ажаркүлге арнап жасатқан. Ажаркүлден кейінгі дүниеге келген сіңлілері, кейіннен өз қызы, немерелері мен шөберелері осы бесікте жатқан. Бір ғасыр қолданыста болған бұл бесікке төрт ұрпақтан 26 бала бөленген. Форум барысында Алғазы Ернат есімді музей жанашыры 1957 жылы жасалған бесікті музей қорына сыйға тартты.

Көрме 15 сәуірге дейін жалғасады.

 Сонымен қатар, форум аясында екі күндік музейлік тәжірибе алмасу/ғылыми вебинарлары өтуде.  Олар:

  • «ЗАМАНУИ ЭКСПОЗИЦИЯ МУЗЕЙДІҢ БАСТЫ БАЙЛАНЫСТЫҚ ЖҮЙЕСІ РЕТІНДЕ» дәрісі (ҚР МОМ Кинозалы, жауапты: Г.Ш. Файзуллина, т.ғ.к.);
  • «ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАСЫ: МУЗЕЙ ҚОР КОЛЛЕКЦИЯЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҚҰНДЫЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ (ғылыми-практикалық аспектілері)» ғылыми вебинар (ҚР МОМ 4 залы, жауапты: Ғалия Темиртон, PhD).

Халықаралық форум 15 наурыз күні «ЭКСКУРСИЯ МУЗЕЙДІҢ МӘДЕНИ-БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ НЕГІЗГІ ФОРМАСЫ РЕТІНДЕ» дәрісімен Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде жалғасады.

Форумға ғылыми мекеме қызметкерлері, оқу орындарының оқытушылары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, музей, архив, кітапхана мамандары, жалпы түркі әлемінің тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеумен айналысатын жас ғалымдар, бакалавр, магистрлер, докторанттар  және өзге де қызығушылық танытатын тұлғалар қатысты.

ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАР АЛҚАСЫ:

  • Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет Комитеті;
  • ТЮРКСОЙ Халықаралық ұйымы;
  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі;
  • Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты;
  • Алматы қаласы әкімдігі;
  • Алматы қаласы музейлер бірлестігі;
  • Қазақстандық туристік ассоциация (КТА).