Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2024 жылдың 29 наурызы күні сағ. 15.00-де музыкатанушы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Викторович Затаевичтің туғанына 155 жыл толуына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» мәдени іс-шарасын және «Дала әуенінің ізімен» көрмесін ұйымдастырады.

Поляк халқының біртуар ұлы А.В. Затаевичтің еңбегі арқасында қазақ халқының әндері мен аспаптық музыкалық мұрасы қағазға түсірілді. Сол заманда естіген дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, содан соң оны айнытпай орындап шығатын адам туралы аңыз халық арасында кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің «Дала әуенінің ізімен» көрмесінде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына музыкант, этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылады. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы, «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттер ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар, қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик А.Қ. Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.

Іс-шара қонақтары: Польша Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Юзеф Тымановски, «Вензь поляк мәдениетінің орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Қазақстаннын еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман, Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі, музыкатану ғалымының кандидаты, доцент Айнұр Қазтуғанова, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, өнертану ғылымдарының кандидаты, доцент Ақлима Омарова, Т.Жүргенов ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі Нартай Бекмолдинов. Шарада Т.Жүргенов ұлттық өнер академиясының студенттері өнер көрсетеді.