Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде музыкатанушы, этнограф, композитор, Қазақстанның халық әртісі Александр Викторович Затаевичтің туғанына 155 жыл толуына арналған «Қазақ ұлттық музыкасының майталманы» мәдени іс-шарасы және «Дала әуенінің ізімен» көрмесі ұйымдастырылды.

Поляк халқының біртуар ұлы А.В. Затаевич қазақтың халық әндері мен аспаптық музыкалық мұрасын қағазға түсіруге орасан зор үлес қосқан тұлға. Сол кезеңдерде ел арасында «әншінің дауысын қағазға белгі ретінде түсіретін, одан соң оны айнытпай орындап шығатын» адам туралы аңыз кең таралған еді. Ол Ертіс пен Орал, Қарқаралы мен Қызылорда, Бөкей даласын, Орынбор мен Жетісу бөктерін ұзақ аралап, ән-күйлерді нотаға түсірді. Шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғылыми жұмыстар жөніндегі директор орынбасары Ғалия Теміртон ашты.

Сондай-ақ, Польша Республикасының Алматы қаласындағы  Бас  консулы Юзеф Тымановски сөз сөйлеп:

«Бүгінгі шара Қазақстан мен Польша елі арасындағы мәдени ықпалдастықты дамытуға мүмкіндік береріне сенемін және әйгілі ғалым қалдырған музыкалық мұра - қазақ ұлтының бай қазынасы. Сондықтан оның насихатталуы ел мәдениеті үшін өте маңызды» екенін атап өтті.    

02042024 2

Сонымен қатар, шара қонақтары Қазақстаннын еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман және Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова А.В. Затаевичтің еңбектеріне қатысты тың ақпараттармен бөлісті.

«Вензь поляк мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері қатысқан шарада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  студенттері өнер көрсетті.

 «Дала әуенінің ізімен» көрмесінде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына музыкант-этнографтың жеке кешенінде сақталған фотоматериалдар, мақалалар, жинақтар мен кітаптар, түсініктемелер мен дала әуендерінің ноталық жазбалары ұсынылды. Олардың қатарында 1925 жылы Ә.Жангелдинге берген қолтаңбасы,  «Қазақ халқының 1000 әні» (әндер мен әуендер), «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пъесалар) жинағы, фотосуреттер ерекше атап өтуге тұрарлық. Сонымен қатар, қызы Ольга Затаевичтің Ахмет Жұбановқа жазған хатын және 1950 жылы академик А.Қ. Жұбанов жариялаған «А.В.Затаевич – қазақ халқының ән-күйінің бірінші жинаушысы» мақаласымен танысуға болады.