2024 жылдың 16 сәуірі сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде коллекция жиюшы, меценат, ақын, жазушы, төре  Азат Әкімбектің 75 жылдық мерейтойына арналған «Орта Азия ұйғыр суретшілерінің туындылары (кескіндеме, графика)»  атты жеке коллекциясынан көрме ашылады.

Төре Азат Әкімбек – әлемге әйгілі коллекция жиюшы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1972 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шығыс Түркістан, Қашқар, Хотан, Турфан, Кучар, Ақсу және басқа да қалалардың шеберлері жасаған ұйғыр халық-қолданбалы өнерінің бірегей жинағын жинай алды.  Қазақстан аумағында, сонымен қатар шетелде 74 көрме ұйымдастырып өткізді.

Қазақстанда ұйғыр бейнелеу өнерінің даму тарихын бірегей деп атауға болады. Ұйғыр халқы қазақ жерінде бірнеше ұрпақ бойы өмір сүріп келе жатқан үлкен топты құрайды. Ұйғырлардың көркемдік мәдениетінің ерекшелігі дәстүрлі ұйғыр өнерін құрметпен сақтап, оларды заманауи сәндік-қолданбалы, музыкалық және би саласында дамыту болып табылады. Ұйғырлар арасында кәсіби бейнелеу өнерінің бастауы заңды түрде Авакри Шамсиге (Әбубәкір Шамсутдинов (1903–1987)), ал қазақтар арасында  Әбілхан Қастеевке тиесілі. Сонау жылдардағы драмалық оқиғаларды көркем жазу арқылы А.Шамси ең алдымен өз халқының тәуелсіздік пен бостандыққа деген ұмтылысын көрсетті.

Көрмеге ұйғыр суретшілерінің 70-тен астам туындысы қойылады. Олардың барлығы да шығармашылық алаңында белсенділік танытып жүрген әлемге әйгілі шеберлер. Кәсіби білім алған, елге танылған бұл суретшілердің буыны Алматы мен Алматы облысының тумалары. Бір сөзбен айтқанда - өз шығармашылық жолы, қалыптасқан дүниетанымы мен кең ой-өрісі бар кәсіби суретшілер.

Көрермен назарына кәсіби өнерде – кескіндеме мен графика саласында  жұмыс істеген және бүгінгі күніде өз жұмысын жалғастырып жүрген суретшілер:  Өзбекстанның халық суретшісі, Өзбекстан өнер академиясының академигі Медат Кагаровтың, Канна (Франция 2005 ж.) халықаралық көрмесінің алтын медалінің иегері Абдукарим Исаның, Қазақстан дизайнерлер Одағының мүшесі, ҚазБСҚА дизайн факультетінің профессоры Аркен Зульфикардың, Өзбекстанның халық суретшісі, Өзбекстан Өнер академиясының академигі, Ресей Өнер Академиясының құрметті академигі Леким Ибрагимовтың, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сәбит Бабаджановтың, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан өнер академиясының академигі Ахмет Ахаттың, ҚХР СУАР өнер академиясының президенті Керим Насирдиннің және т.б. бірегей туындылары ұсынылады.

Заманауи ұйғыр суретшілерінің шығармашылық негізіне үйлесімділік, өмірге деген мейірімді көзқарас, оның құндылығы мен қуанышын сезіне білу, өзінің тарихы мен мәдениетін мақтан тұту, күнделікті өмірден қарапайым бақытты көру қабілеті оларға гуманистік серпілісті жеткізетін туындылар жасауға мүмкіндік береді.

Көрме 2024 жылдың 1 мамырына дейін жалғасады.

Куратор: «Шетел классикалық өнер» секторының жетекшісі - А.А. Айдымбаева