Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі Халықаралық музейлер күнінде, 2024 жылғы 18 мамырда, сағат 14:00-ден 24:00-ге дейін «Музейдегі түн-2024» жыл сайынғы ауқымды жобасын ұсынады.
2024 жыл ICOM - Халықаралық музейлер кеңесінің тақырыбы «БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУГЕ АРНАЛҒАН МУЗЕЙЛЕР»
- Бас серіктес - Konica Minolta Kazakhstan
- Ақпараттық серіктес - art of HER порталы
- Демеуші - DAMIANI зергерлік үйі
«Халықаралық музейлер күні» жыл сайын 18 мамырда бүкіл әлемде атап өтіледі. Бұл күні Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі дәстүр бойынша көрермендер үшін көрмелер, концерттер, экскурсиялар, шеберлік сағаттар және интерактивті іс-шаралар бағдарламасын ұсынады. «Музей түні» жобасының мақсаты – музей кеңістігінде мәдени мұраны насихаттау және кең аудиторияны тарту болып табылады.
«Музей түні – 2024» көркем-мәдени іс-шарасын атап өтудің басты міндеті - өнерді дәріптеу, музей коллекциясымен танысу және қала тұрғындарын музей бағдарламаларына тарту. 2024 жылдың маңызды оқиғасы Ә. Қастеев ат. ҚР МӨМ қорынан «Жапон өнері» көрмесі мен каталогының басылып шығуы болды. Осыған байланысты биылғы жоба Жапон ұлтының өнері мен мәдениетін зерттеуге арналады.
Іс-шара бағдарламасына мыналар кіреді:
14:00-18:00 – музей ауласында шеберлердің жәрмеңкесі, «АРТ-шеберхана» бейнелеу студиясының балаларға арналған пленэрі, конференц-залда Жапон суретшісі Яёи Кусама туралы «Шексіз әлем» атты документалды фильмінің (Реж. Хезер Ленц) көрсетілімі, Жапон өнері көрмесі бойынша интерактивті ойын, тұрақты экспозицияларда экскурсия, тақырыптық шеберлік сабақтары жүргізіледі.
16:00-де музей қорынан «XVII-XXI ғасырдағы Жапон өнері» көрмесінің ашылу салтанаты мен Konica Minolta Kazakhstan компаниясының қолдауымен каталогтың тұсаукесері өтеді. Экспозицияда 250-ге жуық экспанаттар – графика, металл, ағаш, керамика, мата, сүйек, шыныдан өңделіп жасалған туындылар мен бұйымдар ұсынылады. Сонымен қатар, көрме аясында Досым Сәтбаевтың жеке жинағынан жапондық артефактілермен танысуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, «Жапон өнері» көрмесі бойынша танымдық интерактивті квест ойындар мен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде экскурсия жүргізіледі.
Көрермендер назарына қосымша заманауи автор Каору Моридің «Қалыңдықтың тарихы» (2008) сериясымен жапондық Манга экспозициясы да ашылады. Мерекелік іс-шара серіктесі «Ичикава» Жапон орталығы және Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің Шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен оригами, каллиграфия, жапон тілінде шеберлік сабақтары өтеді.
18:00-24:00 аралығында концерттік бағдарлама басталады: дәстүрлі және классикалық музыка, хореографиялық, сахналық көрсетілім. Айталық: «Ай-күй» – көркем өнер-білім студиясы, Мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың «ЕРКЕЛЕ» қоғамдық қорының ән шашуы, «Асыл мұра» – отбасылық ансамблі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының бишілер тобы, актерлік өнер факультеті студенттері, «Giovani Talenti» камералық оркестрі, «Ханга» музыкалық аспабымен «Облачко» тобы, «Kiizo» студиясының «Дала іздері» дефилесі, Алматы-Қазақстан Үнді классикалық би және йога орталығы, Сергей Червяковтың пантомима театры, SUBANDALA - әнші Венера Уразбекова мен гитарист Сергей Бетин музыкалық бағдарламасы, пианист Лаззат Әлмұхамбетова қатысады.
Жоба кураторы – Жуваниязва Гүлнар,
Әбілхан Қастеев ат. ҚР МӨМ-нің «Педагогика және экскурсия қызметі» бөлімінің жетекшісі