Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейіндегі Халықаралық музейлер күні кәсіби мерекесі қарсаңында өтетін дәстүрлі «Музей түні» іс-шарасы аясында 2024 жылы 17 мамыр күні қазақтың көрнекті суретшілері Ә.Қастеевтің 120 жылдығы, Қ.Хожықовтың 110 жылдығы, Н.Нұрмұхамедовтің, Ү.Әжиевтің 100 жылдығы және Г.Исмаилованың 95 жылдығына арналған «Шебер мен қылқалам» көрмесі ашылады.
Көрменің мақсаты: Қазақстан бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуының бастауында тұрған және ұлттық өнердің әр саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан суретшілердің шығармашылық мұрасын насихаттау.
Қазақ КСР-нің халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеевтің есімі Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуында ерекше орын алады. Ол өмір бойы өзінің көп қырлы дарынын сүйікті ісі – кескіндемеге арнап, артына мол шығармашылық мұра қалдырды. Шебердің музей қорынан алғаш рет ұсынылып отырған акварель жұмыстары көрмеге келушілердің үлкен қызығушылғын тудырады. Оның басым бөлігі кең жанрлық сипатымен және маңызды этнографиялық материалдарды қамтитын тақырыптық диапазонмен ерекшеленеді. Ә.Қастеев жұмыстарының көпшілігі 1947 – 1949 жылдары Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейінің директоры А.М. Жиреншиннің жетекшілігімен ұйымдастырылған тарихи-этнографиялық экспедициялар кезінде салынған. Оған Ә.Қастеев фотограф және суретші ретінде қатысқан болатын. Қазақстанның түрлі аймақтарына жасалған экспедициялар кезінде сызған эскиздері кейін суретшінің картиналары мен акварель жұмыстарының тақырыптарына негіз болды.
ХХ ғасырдың басында қазақ ауылында туып-өскен Ә.Қастеев қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің білгірі болғаны сөзсіз және де белгілі этнограф, профессор В.В.Пименовтың пікірінше, Ә.Қастеев өзінің этникалық танымымен «этнофор» критерийлеріне толық сәйкес келетін адам болған. Ә.Қастеевтің акварельдері өзінің деректік сипатымен қоса ерекше тартымдылығымен көрерменді баурап алып, оларға зор эмоциялық әсер береді.
Көрмеде сонымен қатар бейнелеу өнерінің түрлі жанрларын дамытқан өзге де мерейлі-суретшілердің, мысалы, қазақ реализмі мен импрессионизмінің дамуын өз шығармашылығымен айқындаған Нагим-Бек Нұрмұхамедов; көркем графика эволюциясына елеулі үлес қосқан Құлахмет Ходжиков; акварель бояуының теңдесі жоқ шебері – Үкі Әжиев; Қазақстандағы әйгілі қойылымдарға арналған декорациялар мен костюмдердің ерекше эскиздерінің авторы Гүлфайруз Исмаиловалардың жұмыстары ұсынылады. Олардың әрқайсысы ерекше дара қасиеттерімен көрінетін өз алдына бөлек шығармашылық әлемі.
«Шебер мен қылқалам» көрмесі қазақ шеберлерінің көркем өнері мен шығармашылығы әлеміне дендеп енуге мүмкіндік береді. Көрмеде олардың шығармашылық және қоғамдық қызметі фотоқұжаттық материалдарымен (фотосуреттер, дипломдар, сертификаттар және т.б.) толықтырылған.