2024 жылдың 18 мамыры сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейі Халықаралық «Музей түні» іс-шарасы аясында өнер сүйер қауымның назарына музей қорынан «Жапон өнері. XVII-XXI ғасырлар» атты көрменің ашылуы мен каталогтың тұсаукесерін ұсынады.

«Қазақстанның жетекші өнер музейінің қорынан жапон өнерінің каталогын басып шығару екі ел арасындағы халықаралық мәдени өзара іс-қимылды нығайту мен жандандыруға септігін тигізеді деген үміттеміз», - дейді музей директоры Гүлайым Мұсағұлқызы Жұмабекова. Аталмыш каталогқа 250 шығарма кірді, олардың көпшілігі 1936 жылдан бастап музей қорына Мемлекеттік Шығыс өнері музейінен, Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейінен, Целиноград облыстық тарихи-өлкетану музейінен және т.б. берілді.  Музейдің ғылыми қызметкерлері осы коллекцияны зерттеп, «Жапон өнері. XVII-XXI ғасырлар» атты каталогты дайындап, 150 жылдық тарихы бар, кеңсе және кәсіби цифрлық шығару саласындағы әлемдік көшбасшы KONICA MINOLTA KAZAKHSTAN компаниясының қолдауымен жарыққа шығарды. «Алғаш көпшілік назарына музей қорынан ұсынылап отырған  Жапон сәндік қолданбалы өнері, мүсін және графикасы коллекциясы өнертанушылар, музей қызметкерлері, мамандар мен өнерді бағалайтын барша оқырмандарға шабыт беріп, тың идеялардың бастамашысы бола отырып, Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлес болатынына шын жүректен сенеміз», - деді Орталық Азиядағы KONICA MINOLTA өкілдігінің басшысы Павел Шалагинов.

Келушілер назарына музей қорындағы қолданбалы және бейнелеу өнерінің барлық түрлері ұсынылып, сонымен қатар әлемдік көркемөнер мәдениетінің тарихында өзіндік орнын қалдырған қола бұйымдарын жасаудың ең күрделі технологиялары мен фарфорға өрнек салудың бірнеше тәсілдерінде орындалған туындылар көрсетіледі. Көрме экспозициясына графика шығармалары, металдан, керамикадан, ағаштан, матадан, папье-машеден, сүйектен, шыныдан және қағаздан жасалған туындылар, дәстүрлі қуыршақтар, әртүрлі аксессуарлар, ксилография, сәндік желдеткіштер және т.б. бұйымдар қойылады. Олардың кез келген бұйымы - тарихқа, белгілі бір қағидалар мен сабақтастықта шексіз құрметпен орындалған аса нәзік жұмыс болып табылады. Әрбір бейнеленген көрініс терең символдық сипатқа ие - қызылбас тырналар мен бұралған қарағайлар ұзақ өмір мен қажымас қайратты білдірсе, «Кокэси» қуыршағы жапондықтардың ішкі сұлулыққа деген ұмтылысының көрінісі болып саналады, оны достық пен ерекше ілтипаттың нышаны немесе қуанышты оқиғаға орай сый ретінде тарту етеді. Көрмеге қазақстандық саясаттанушы, публицист, баспагер және жапон көне жәдігерлерін жинаушы Досым Сәтбаевтың топтамасынан жапон өнерінің туындылары қойылады.

Бұл көрме жобасы – Күншығыс елінің шексіз әсем, бай, төл мәдениетін көрсетіп, оны халық өнерінің дәстүрлерімен таныстыру арқылы сезінуге мүмкіндік береді.

Халықаралық «Музей күні» іс-шарасы аясында атақты суретші Каору Моридің манга сериясынан «Келіннің хикаясы» атты көрме ашылады. Аталмыш көрме көрермендерді XIX ғасырдағы Орталық Азияның бай тарихымен танысуға шақырады. 2022 жылы манга Киотодағы Халықаралық манга музейінде «Жапон және Орталық Азияның бес елі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына арналған мерейтойлық жоба» аясында көрмеге қойылды. Көрме Кадокава корпорациясы мен Қазақстан Республикасындағы Жапон елшілігінің көмегімен жүзеге асырылды.

Жыл сайынғы «Музей түні» іс-шарасы аясында сағат 16.00-19.00 дейін көрменің салтанатты ашылуы, каталогтың тұсаукесері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  Қиыр Шығыс факультетінің студенттерінің концерттік нөмірі, сондай-ақ көрме бойынша 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) экскурсия, оригами, каллиграфия, жапон тілінде сөйлеу бойынша шеберлік сабақтар өтеді.

Салтанатты іс-шараға барша жапон өнерін бағалаушылар мен өнер сүйер қауымды шақырамыз!

Көрме 2024 жылдың 10 маусымына дейін жалғасады.

Көрме кураторы: Айдымбаева Ақмарал

Hi-Tech