2024 жылғы 27 мамырда сағат 18.00-де Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры фойесінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған «Қазақстанның хореографиялық өнері: тұлғалар, қойылымдар, ұжымдар» гранттық қаржыландыру жобасы шеңберінде жарияланған «Қазақстанның хореографиялық өнері» энциклопедиясының тұсаукесері өтеді.

2024 жылы Қазақстанның хореографиялық өнері өзінің 90 жылдығын атап өтеді. Оның алтын бесігі – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры.

Бүгінгі энциклопедиялық басылымның тұсаукесері Қазақстанның хореографиялық өнерінің мерейтойына және Абай атындағы ҚазҰОБТ-ының 90 жылдығына арналып ұйымдастырылып отыр.

Тұсаукесер қазақ балет мектебі қарашаңырағы – А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің  жыл сайынғы есептік концертінің алдында өткізіледі.

2021 жылдан 2023 жылға дейін зерттеу тобының мүшелері театрда энциклопедия жазу үшін ақпарат жинады. Зерттеушілерге Абай атындағы ҚазҰОБТ-ының кадр бөлімі және халықаралық байланыстар, маркетинг және көрерменмен жұмыс жасау бөлімі үлкен көмек көрсетіп, мұрағат материалдарын қолдануға септіктерін тигізді.

Тұсаукесер кезінде театр ұжымына алғыс ретінде Абай атындағы ҚазҰОБТ дирекциясына, сондай-ақ өмірбаяны басылымға енген балет сахнасының ардагерлеріне энциклопедия сыйға тапсырылады.  Сонымен қатар, іс-шара барысында энциклопедияның сайты таныстырылады.

Презентацияға қатысушылар

  • Абай атындағы ҚазҰОБТ директоры Көпбасарова Айнур Сайлаубаевна;
  • Абай атындағы ҚазҰОБТ балет труппасының көркемдік жетекшісі, ҚР халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Туткибаева Гульжан Усамбековна;
  • Басылымның бас редакторлары: өнертану кандидаты, профессор Жумасеитова Гульнара Тазабековна, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мусинова Асель Ахметовна.
  • А.В. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тукеев Мурат Орындыкбаевич.
  • Қазақстанның хореографиялық өнерінің белгілі қайраткерлері, ұлттық хореография ардагерлері.