Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейінде 2024 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музейі мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік музейімен бірлесіп ұйымдастырған «Түркістан екі империяның билігі астында: отаршылдық және қуғын-сүргін» халықаралық көрмесі ашылды.
Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейіның директоры Харипова Рашида Ерімқызы және Өзбекстан Министрлер Кабинетіндегі қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің директоры Хасанов Бахтияр Вахапұлы ашты.
31 мамыр – тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі, Сталиндік террор дәуіріндегі жаппай саяси қуғын-сүргін, жазықсыз жандарды қудалау және зорлық-зомбылықпен жер аудару зардабын шеккендерді еске алу күні. Қазіргі уақытта екі ел арасында мемлекеттік деңгейде тарихи әділеттілікті орнату және қайғылы жағдайдың құрбандарын еске алу шаралары жүзеге асырылып келеді.
Көрмеде тұңғыш рет Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік музейі қорларында сақталған Қазақстан мен Өзбекстанның қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің фотоқұжаттары және архив құжаттары ұсынылды. Экспозицияда С.Ходжанов, Ф.Зарипкызы, Т.Отарбаев, М.Мылтықбаевтың фотоқұжаттары, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік орталық музей қорынан А.Байтұрсынов, А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Тынышпаевтың жеке кешендері, С.Сейфуллин, Х.Досмұхамедовтың музейлік заттары қойылды.
Ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары (пальто, көзілдірік, С.Сейфуллиннің қолы қойылған мөр), сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы ұйымдастырушыларының бірі – ағартушы ғалым, дәрігер Халел Досмұхамедовтың жеке мөрі ерекше қызығушылық тудырды. Өзбекстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтардың ақталуы туралы жазылған ақпараттық тақтайшалар да көптің назарын аударғаны сөзсіз. Онда 1930 жылы Қазақстанның Каспий бойы аудандарында үкіметтің ет жоспарына қарсы шеруге қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшырап, Өзбекстан аумағына қашып келген 69 қазақстандықтың аты-жөні жазылған.
Қала тұрғындары мен қала қонақтары көрмені 10 маусымға дейін ҚР Мемлекеттік Орталық музейінен тамашалай алады.
Көрме аясында «Орталық Азия елдеріндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту барысы туралы: нәтижелері мен жалпы проблемалары» халықаралық ғылыми-практикалық дөңгелек үстелі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Айтылған тарих» ғылыми зертханасымен бірлесе отырып өткізілді.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлегендер:
- Хасанов Бахтияр Вахапұлы – Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің директоры, «Шаһидлар хотирасы» қоғамдық қорының төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, профессор: «Реформы в новом Узбекистане по увековечению памяти интеллектуалов-просветителей, репрессированных во время тоталитарного советского режима»;
- Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы – Абай атындағы ҚазҰПУ-дің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі: «Қазақстандағы саяси репрессияның себебі мен салдары»;
- Ирзаев Бахром Шаймаматұлы – Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемлекеттік музейінің бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы (PhD): «Перспективы совместных исследований истории репрессированных казахов, переселившихся в Узбекстан»;
- Имаханбет Райхан Сахыбекқызы – Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, «Тіл-құрал» Оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты: «Ұлы ағартушының ұлық істері»;
- Мырзатаева Забира Балабекқызы – «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты: «Халық жауы» әйелдерінің тергеу іс-құжаттарынан;
- Мирзакулова Раушан Маратқызы – «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері: «Алаш ісі. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу істерінің құжаттары мен материалдары» жинағы: археографиялық талдау. (1-том және 2-том) тақырыбында баяндама жасады.
Дөңгелек үстел барысында, ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Қазақстан мен Өзбекстанның қоғамдық-саяси тарихының саяси қуғын-сүргін тақырыптарын қамтитын сұрақтар қарастырылды.
Дөңгелек үстел жұмысына ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, оқу орындарының оқытушылары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, музейлер, мұрағаттар, кітапханалар мамандары, жас ғалымдар, саяси қуғын-сүргін тарихын зерттейтін бакалаврлар, магистрлер, докторанттар, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалар қатысты.
Ұйымдастырушы:
- Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті;
- Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі;
- Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу Мемлекеттік музейі;
- Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Айтылған тарих» ғылыми зертханасы