Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 7-мамыр күні отандық көрнекті суретшілердің туындылары қойылған «Сұңқар» көрмесінің ашылуы өтті. Бұл іс-шара өнерді ғана емес, еліміздің мәдени мұрасын шынайы таныған талантты жандарды біріктірді.
Көрмені музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары Анна Викторқызы Кущенко салтанатты түрде ашып, музейде қазіргі уақытта суретшілерге арналған шеберлік сабақтары өткізіліп жатқанын тілге тиек ете келіп, балалар мен жастар арасында бейнелеу өнерін насихаттаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, көрме ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасы және КСРО Суретшілер одағының мүшесі Фатима Тарази құттықтау сөз сөйлеп, көрменің ең маңызды сәттеріне тоқталды және әрбір ұсынылған жұмыстың жоғары деңгейде орындалғанын атап өтті. Баяндамашылардың қатарында сөз сөйлеген өнертанушы, журналист Мария Жұмағұлова да көрмеге қатысқан суретшілердің тереңдігін, шығармашылық еркіндігі мен шеберлігін ерекше ықыласпен сөз етті.
Алматылықтар мен қала қонақтарын 100-ге жуық өнер туындылары (кескіндеме, графика, мүсін және плакаттар) қойылған бірегей көрмені тамашалауға шақырамыз.