11 және 12 шілде Almaty Theatre «Киелі би» балет-триптихының премьерасын ұсынады. Режиссер-хореограф Мукарам Авахри мен «Астана Балет» театрының дарынды солисттері заманауи би тілі арқылы замана сабақтастығы, рухани жалғасы тақырыбын қозғайды. Триптих сан қатпарлы туынды ретінде көрініс тапқан. Мұнда түрлі мәдени және тарихи кезеңдерге куә бола аласыз.
Игорь Стравинскийдің музыкасына қойылған «Үйлену тойы» атты бірінші бөлімде жас жұбайлардың ішкі ойына үңіле аласыз. Яғни, бұл жай ғана мереке емес, терең мазмұнға ие салт жорасы. Биыл Стравинскийдің «Үйлену тойы» балетіне 101 жыл толып отыр. Сондықтан, біз оның жұмбақтарын шешуге тырыстық.
«QASH» деп аталатын екінші бөлімде үнемі дамып отыратын, шектеуге көнбейтін, қалыпқа салуға болмайтын мәдениет құбылысы зерттеледі. Халықтардың тарихы хатқа түсірілген мәңгі жазба емес, ұдайы импровизацияға толы құбылыс. Оның әр сәті зор маңызға ие. Бұл бөлімде Chemirani тобының «Le Retour de Molla Nasr’din» композициясы және Муштари Исламованың вокалды партиясы орындалады. Гүзел Зәкірдің көркемдік тұжырымдамасына сәйкес, бұл бөлім сахнадағы көріністі мейлінше әсерлі ете түсетін ерекше визуалды стильмен толықтырылған.
«Рух» де аталатын үшінші бөлімде бабаларымыздың өткеніне көз жүгіртіп, олардың табиғатпен үйлесімді әрекет еткенін көреміз. Өткен дәуірлердің атмосферасы бүкіл кеңістікті жаулап, сахнадағы көріністі киелі әрі құпия сырға толы етеді. Бұл миниатюрада көрермен қауым дәуірлерді бір-бірімен жалғаған сабақтастықты, қазіргі заманның да өткен, тіпті, ғайып болған дүниемен байланысын сезіне алады. Кейде тіпті біріне-бірі сәйкес келмейтіндей көрінетін, қарама-қайшылыққа толы көрінстер уақыт кеңістігіне саяхатқа пара-пар. Абылай Әбілқасымұлының және Bugarabu тобының музыкасының, сондай-ақ, Венера Оразбекованың вокалды партиясының арқасында көрермен қауым қойылымның сюжеті мен ішкі тынысын сезініп, бабаларымызбен терең рухани байланыс барын ұғынады.
«Киелі би» триптихы мәңгілік сұрақтарға жауап іздеп, көрермен қауымды рухани және мәдени құндылықтар әлеміне жетелейді. Би мен музыка арқылы өз ішіңе үңілесің. Осылайша біз кімбіз, бұл дүниедегі міндетіміз не деген сынды сұраққа жауап іздейсің. Ғажайып музыка ырғағы мен әсем костюмдер, «Астана Балет» әртістерінің мінсіз шеберлігінің арқасында көрермен қауым би киесін танытатын атмосфераны сезіне алады. Сөйтіп, өз жанына жақын дүниені табады. «Киелі бидің» киесін таныңыз.