2024 жылдың 29 тамызында сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі адамзат тарихындағы ең қорқынышты оқиғалардың бірі – жапон қалалары – Хиросима мен Нагасакиді атом бомбалауының 79 жылдығына орай "Хиросима мен Нагасакиді еске алу" көрмесін ашады.

«Хиросима мен Нагасакиді еске алу» көрмесі Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігінің және Қазақстан-Жапония адам ресурстарын дамыту орталығының қолдауымен және Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалдық бейбітшілік кешенінің  ұйымдастыруымен өтеді.

Қазақстан (Семей полигоны), Жапония (Хиросима, Нагасаки) сияқты ядролық қарудан зардап шеккені бүкіл әлемге аян. Семей полигонында 450-ден астам ядролық сынақ өткізілді. Хиросима мен Семей қайғылы оқиғаның ғана емес, ядролық қауіпке қарсы күрестің символына айналды. Бізді өткеннің ортақ азабы, халықтарымыздың ортақ тағдыры байланыстырады. Адамдар қорқынышты тарих сабақтарын білуі және есте сақтауы керек. Қазақстан мен Жапония әлемдiк қоғамдастықтың басқа мүшелерiмен бiрлесiп адамзатты ядролық қарудан құтқаруға және оны таратпауға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруда. Әлем ядролық қаруды қолданудан толық бас тартқан жағдайда ғана Хиросима мен Нагасакидің қайғылы оқиғасы ешқашан және еш жерде қайталанбайтынына кепілдік бере алады. 1991 жылдың 29 тамызында Президенттің Жарлығымен Семей полигоны мәңгіге жабылды. Бұл күні Семей ядролық полигонының жабылуына және «Невада-Семей» ядролық сынаққа қарсы қоғамдық қозғалысының құрылуына орай конференциялар, семинарлар, көрмелер және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Көрменің басты мақсаты - ядролық қарудың қаншалықты ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін айту, көрсету және әлем халқын Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтауға шақыру.

Көрмеде келушілердің назарына Хиросима мен Нагасакидегі болған қайғы-қасірет пен оның салдарын көрсететін фото-стендтер, атом трагедиясы мен бомбалаудан туындаған жойқын қираулар туралы бейнежазбалар (хроника, деректі фильмдер), қайғылы оқиғадан аман қалған адамдардың күнделіктері, Нагасаки және Хиросима қалаларында бейбітшілік символы ретінде қағаздан жасалған ақ тырналар, сондай-ақ ядролық бомбалауды көрген адамның Жапониядан тікелей эфирде сөйлеген сөзі («хибакуся») ұсынылады.

Хиросима мен Нагасакиді бомбалау адамзат тарихындағы ең қайғылы оқиғалардың бірі. Әлем алғаш рет атом бомбасы, ядролық қару, сәулелену ауруы сияқты зардаптармен бетпе-бет келді. Содан бері көп жылдар өтсе де Хиросиманың қасіретін көрген әлем халқы әлі күнге дейін халықаралық қауымдастыққа «Бұл қайталанбауы тиіс!»  деген үндеу жолдайды. 1955 жылы 6 тамыздан бастап Дүниежүзілік ядролық қаруға тыйым салу іс-әрекеттер күні болып жарияланды. Жыл сайын 6-9 тамыз аралығында Жапонияда Атом және сутегі бомбаларына қарсы дүниежүзілік конференция өтеді, оған «Невада-Семей» ХАҚ бірнеше рет қатысты. Бұл күндері Хиросима қоңырауы бүкіл әлемде естіледі. Адамдар қаза болғандарды еске алу үшін елдің түкпір-түкпірінен жиналады.

Аталмыш көрме Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалдық бейбітшілік кешенімен бірлесе 2005 жылдан бері түрлі елдерде өткізіліп келеді. Қазақстанда көрме екінші рет ұйымдастырылып отыр. Біріншісі - 2014 жылы Астана, Семей, Алматы қалаларында өтті.

Көрмеге келушілер атом бомбалауы кезінде қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, ядролық қару зардабының белгісі ретінде қағаздан  ақ тырналар жасап, Бейбітшілік мемориалдық кешенінде сақтау үшін Нагасакиге жеткізілетін бейбітшілік тілек-жолдауларын жібере алады.

Көрме 2024 жылғы 12 қыркүйекке дейін жалғасады (16-28 қыркүйек аралығында көрме Нархоз университетінде өтеді).