Дауылпаз күйшілер мен дүлдүл домбырашылар арқылы бүгінге жеткен күй өнері – қазақтың асыл қазынасы. Күй өнерінің тарихында есімдері құрметпен аталатын тұлғалар аз емес.
Олар өздерінің орындаушылық мектебімен ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан күй мұрасын бүгінгі замандарға жеткізіп, аманаттап кеткен аға ұрпақ өкілдері дер едік. Осынау киелі өнер дарыған біртуар тұлғалардың бірі де, бірегейі, көрнекті күйші, дәулескер домбырашы, Қазақ КСР-нің Халық артисі Рүстембек Омаров. Ағымдағы жылдың 19-қыркүйек күні сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде дәулескер күйші, ҚР Халық артисі Рүстембек Омаровтың туғанына 105 жыл толуына арналған «Күй – аманат» мәдени-танымдық іс-шарасы өтеді
Рүстембек Омаровтың орындауындағы халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызыл қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Абылдың «Нарату» тәрізді тамаша күйлері әлі күнге дейін күй тыңдармандарының жадында. Рухани қазынамыздың өрісін кеңейтуге ерен үлес қосқан күйші кезінде әйгілі академик Ахмет Қуанұлы Жұбановпен бірге бүгінде іргелі ұжымға айналған Құрманғазы атындағы оркестрдің негізін қалауға атсалысты.
Күйшінің есімін насихаттау, кейінгі ұрпақтарға таныту жолында ұйымдастырылатын іс-шараға Рүстембек Омаровтың көзін көріп, тәлімін алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ардагерлері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның студенттері, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің студенттері және белгілі мәдениет қайраткерлері музейге арнайы шақырылады.