2024 жылдың 20-30 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Польша Республикасының Бас консулдығымен бірлесіп, Польшаның Ұлттық еске алу институтының «Үміт жолдары. Еркіндік Одиссеясы» көрмесін ашады. Аталмыш көрме Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі поляк қарулы күштерінің күш-жігерін және генерал Андерс әскерімен бірге КСРО-дан эвакуацияланған бейбіт тұрғындардың тағдырын еске алуға арналған.
Кеңес Одағында генерал Владислав Андерстің басшылығымен ұйымдастырылған поляк қарулы күштерін халық Андерс әскері деп атаған. Олар бостандыққа жетудің қиын да күрделі жолынан өтті. Андерс әскері 1941 жылы Сикор-Май келісіміне сәйкес құрылған. Кеңес билігі поляк армиясын қалыптастыру үшін орындардың бірі ретінде Қазақ жерінің аумағын таңдады. Келісім 1939-1941 жылдары заңсыз ұсталған және Кеңес Одағында болған поляктардың босатылуына кепілдік берді. Қолбасшылық міндеті генерал Владислав Андерске жүктелді. Алғашқы күннен-ақ армия жауынгерлерді азық-түлік, керек-жарақ және киім-кешекпен қамтамасыз етуде үлкен қиындықтарға тап болды. Бұдан бөлек армия өзінің қамқорлығына алынған барлық поляктарға көмектесуге тырысты, бұл КСРО-ға келген мыңдаған поляк азаматтары үшін аман қалуға және отанына оралуға деген жалғыз үміт болды. Бөлімдер құрылған аумақта тұратын жергілікті тұрғындар поляктарға барынша көмектесуге тырысты. Қазақтардың көрсеткен қолдауы әлі күнге дейін аман қалған отбасылардың естеліктерінде сақталып келеді. 1942 жылы Андерс әскерінің КСРО-дан Иранға шығарылуына орай солдаттармен бірге поляк азаматтарының да эвакуациялануы, олардың ажалдан аман қалуына мүмкіндік берді.
Көрмеде поляктардың Қазақстанға департациялануы мен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы поляктардың тағдыры, 1939 жылғы 1 қыркүйекте Германияның Польшаға шабуыл жасауы, Польшаның оккупациялануы, 1941-1942 жылдары КСРО-да поляк армиясының ұйымдастырылуы, бас қолбасшы Сикорский бастаған поляк қарулы күштерінің құрылуы, генерал Андерс армиясының бостандыққа қол жеткізу жолдары туралы 20 фотопанель ұсынылған.