2024 жылдың 4 қазаны күні сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде мүсінші, зергер, ұста Естай Дәубаевтың «ЗЕРДЕМ – ӨНЕРІМДЕ» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. 

Естай Дәубаев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем Академиясының академигі, Халықаралық «Жігер» сыйлығының лауреаты, Карл Фаберже орденінің иегері, Халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры.

Түркістан қаласындағы «Қазақ хандығы» монументінің авторы, «Бөрілі байрақ» мүсіндік композициясы, «Асатаяқ» коллекциясы, «Сәукеле» реконструкциясының авторы

Дәубаев Естай Серікбайұлы шығармашылығын Ұлттық музей қорында қайта қалпына келтіру қызметінен бастаған қолөнерші. Мүсінші-зергердің ұлт мәдениеті үшін атаулы еңбектері - 2019 жылы Ішкі Орда (Бөкей Ордасы) хандығында билік құрған Бөкей сұлтанның 1812 жылға дейін қолданған, Бөкей ханның 1812-1815 жылдары ұстаған, Шығай сұлтанның 1812-1824 жылдары ұстаған, Жәңгір ханның 1823-1845 жылдары қолданған мөрлерін қайта қалпына келтіріп, Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қорына табыстауы. 2001 жылы «Бөкей Ордасының құрылғанына 200 жыл» толуына орай Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қорының «Жәңгір ханның Қару-жарақ палатасы» музей экспозициясына қазақтың дәстүрлі қару-жарақ реконструкциясын және зергерлік коллекциясын табыстаған. Сондай-ақ автордың «Мөр және мөрлі жүзіктің тарихи реконструкциясы» (Алматы: Қазақ университеті, 2019), «Хан ордасына оралған мұралар» (Алматы: Қазақ университеті, 2019) атты кітаптары ғылыми айналымға енген.

Естай Дәубаевтың ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда орасан еңбегінің нәтижесі еліміздің мәдени ошақтарында көрініс тапты. Әсіресе, көшпенділердің  дәстүрлі қару-жарақ өнеріне қайта дем берген ұста-зергер. Біздің халықтың бес қаруы сай болған жауынгерлерінің  кесіп-шабу қаруларының біраз түрінің қайта тірілуіне себепші болды. Мүсінші-ұста зергерлік жұмыс жасау әдіс-тәсілдерінің барлығын жете меңгерген. Ұсталық өнердің негізі - құю мен соғудан бастап инркустацияға дейінгі кезеңдік технологиялық процестердің барлығын ыждақаттылықпен жасайтын шебер. Көрерменге әйел әшекейлеріндегі озық үлгілерді, соның ішінде білезіктер, жүзіктер және сәукелелерді алтынмен аптап, күміспен күптеп, асыл тастармен сәндеп, эстетикалық сұлулығын баршаға ұсынады. Фаберже мектебінің нәзік әрлеу мен жұмыртқа пішінді стиліне ұқсас, дәстүрлі техникамен орындалған жұмыстары өте ерекше. Ал, мүсіндік композициялары тұғырынан бастап үйлесімді, ондағы металды-пластиканың нәзік сомдалуы, тақырыптың нақтылығы және зергерлік өңделуі туындыны қабылдаудағы сұлулыққа деген ұмтылыстың жарқын сезімін сыйлайды. Шебердің зергерлік әдістер мен мүсіндік тәсілдер ұштасқанда шығатын өзіндік стилі, шығармашылық ізденістердің барысында қалыптасқан үлкен еңбектің нәтижесі болып табылады.  

«ЗЕРДЕМ – ӨНЕРІМДЕ» көрмесі автордың шығармашылығындағы атаулы жұмыстарының жиынтығы. Бұл экспозицияда 200-ге жуық дәстүрлі қару-жарақтар, әйел әшекейлері, қалыңдық баскиімдері, мүсінді-зергерлік композициялар, паннолық туындылар, тәждердің авторлық нұсқаларын және т.б. шығармаларын тамашалай аласыздар. Таныстырылатын туындылар арасынан «Күлтегін», «Тәж», «Бөрілі байрақ», «Алтын құс», «Самрұқ», «Сұңқар», «Бәйтерек», «Асатаяқ», «Сәукеле» және т.б.  белгілі туындылар орын алады.

 Естай Дәубаевтың «Бөрілі байрақ» мүсіндік композициясына назар салсаңыздар түркі әлеміндегі негізгі тотемдік символға айналған көк бөрінің басын аңдық стилде сомдап, айбат шегу сәтін сақтап қалған. Ошақ аяқтарына ұқсайтын тұғырлы найзаның күмбезі мен жебесіне бөрі мүсіні бекітілген. Күмбезді найза жебесі алтын жалатылып, сымдарды орау әдісімен көмкеріліп, тастан көз салынып берік тұғырға бекітілген. Жалпы бес қарудың ішінде түйреу қаруына жататын найза ұшына әскербасы мен атақты батырлар байрақ пен туды іліп жүретін болған. Бұл әскердің рухын көтеруге, тайпалық ерекшеліктерін танытуға арналған. Бұл жердегі туындының мақсаты – «көк бөріден тараған ұрпақпыз» деген ойды мүсінді-зергерлік эстетикамен жеткізу.

 Қалыңдық бас киімінің ерекше үлгісі сәукелелердің авторлық нұсқалары тым ерекше. Қанық қызыл барқытқа бекітілген аң стиліндегі алтын түсті әшекейлер көздің жауын алып, сақ ханшайымдарын еске түсіреді. Ал, күмісті әшекейлермен сәнделген саукелелері дәстүрлі мектептің заманауи жаңғырығы іспетті. Әйелдерге арналған әшекей жиынтықтары бір сарында үйлесімділік ретін сақтай отырып орындалған.

Шебер еліміздің дәстүрлі өнерінің сапалы және талғамды дамуын бүгінге дейін шығармашылығында аса шеберлікпен танытып келеді. Замануи транформацияланған еңбектері романтизм бағытында орындалып, жаңа көзқарастағы мүсінді-зергерлік композициялары терең көркемдік түсініктегі ұлттық құндылықтармен ұштасқан. Әрбір туындылары символды- тақырыптық ойға ие болған. Автордың стильдік-жанрлық ізденістері рухани-эстетикалық танымды көтерудегі негізгі қару. Заманауи сәндік-қолданбалы өнеріндегі оның шығармашылығы поетикалық  түйсіну, сұлулықты сезіну, рухани тақырыптың тереңдік беру және кемелденген шеберліктің тірі көрінісі секілді.

Мүсінші-зергердің көркемдік талғамына қарап зергерлік өнердегі барлық бағыттар мен ағымдарды жетік меңгергенін байқаймыз. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы зергерлік өнердің жаңа бір легін сыйлап, тақырыптық ізденістің шекарасы жоқтығын дәлелдейді. Қандай өнер түрі болмасын сұлулыққа ұмтылудың зор үлгісіне айналып, ұлттық ерекшеліктерді насихаттау Естай Дәубаевтың қолтаңбасы десек артық болмас.

Көрменің ашылуы барысында, автордың «Күлтегін:  мүсіні, тәжі, дулығасы» атты мүсіндік композицияның, «Металдарды көркемдеп өңдеу» (Алматы: Everest, 2024), «Ұсталық және зергерлік өнер туындылары: жасау жолы және қолданыстық маңызы» (Алматы: Everest, 2024) кітаптарының таныстырылымы өтеді.

Экспозиция қазан айының 29-на  дейін жалғасады.

Көрме жетекшісі: Ақжігіт Нүсіп