2024 жылдың 24 қазан күні Республика күніне орай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Республикалық «Өнеріміз саған – Қазақстан!» фестивалі өтеді.
Фестивальдің мақсаты - қазақ халқының өнері мен мәдениетін Қазақстанда тұратын этностық топтар арасында жан-жақты насихаттау, қазақстандық патриотизм мен еліміздің көптүрлі мәдени ерекшеліктерін дамыту, орындаушылардың кәсіби шеберлігін арттыру. Қазақстан халқының бірлігін сақтау және еліміздің көптүрлі мәдени жетістіктерін көрсету.
Аталмыш шараға барлық этно-мәдени бірлестіктердегі қазақ халқының ұлттық өнерін жетік меңгерген (домбыра, қобыз, сырнай, тағы басқа ұлттық аспаптарда ойнайтын, қазақ әні мен биін орындайтындар) этностық топ өкілдерінің жеке және топтық орындаушылары қатысады.
Фестиваль ІІ кезеңнен тұрады: І кезеңге Қазақстанның барлық өңірлерінің этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдері онлайн форматта қатысады және екінші кезеңге іріктеуден өтеді. ІІ кезеңге өткен қатысушылар «Өнеріміз саған - Қазақстан!» Республикалық фестивалінің Ұйымдастырушы комитетімен іріктеліп, Алматы қаласында қазан айының 24-де, сағат 19.00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында өтетін Гала-концертінде өнер көрсетеді.
Фестивальдің қатысушыларына Алғыс хаттар, естелік сыйлықтар тапсырылады.
Шараға қатысу шарттары, қоятын талаптары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әлеуметтік желілерінде орналастырылды.
2022 жылдан бастап филармония қабырғасында ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш фестиваль татулық пен бірліктің тал бесігіне айналған еліміздегі түрлі этнос өкілдері өнерпаздарының қазақтың әні мен күйін орындау арқылы үлкен өнер жолына қадам басып қана қоймай, ел бірлігінің нығаюуына өз үлесін қосып келеді. 2022-2023 жылдары «Өнеріміз саған – Қазақстан!» Республикалық фестиваліне қатысқан өнерпаздар бүгінде еліміздегі өтіп жатқан концерттік іс-шараларға қатысып, тыңдармандардың сүйіспеншілігіне бөленіп жүр.