ҚР Мемлекеттік орталық музейінде қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің 130 жылдық, Ә.Нүрпейісовтің 100 жылдық мерейтойлары аясында «Халық жүрегіндегі қаламгерЛЕР» атты көрме ашылады.
Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ақын әрі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы ел тарихында өшпес із қалдырды. Әдебиетке зор үлес қосқан Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», «Көкшетау» сынды үздік туындыларының көркемдік қуаты ерекше. Ал қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, драмашы, прозашы Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы көп қырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбек етіп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалар шоғырын дүниеге келтірген тегеурінді қаламгер. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу-маржаны іспеттес болды. Қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған «Қан мен тер» романының авторы Әбдіжәміл Нұрпейісов – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Оның шоқтығы биік бұл туындысын әлем жазушылары өте жоғары бағалаған. «Қан мен тер» романы бойынша жасалған инсценировка М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының репертуарынан тұрақты орын алды (1974 жылдан) және экранға шығарылды. Ә.Нүрпейісовтің бұл романын қалың оқырманның іздеп жүріп оқығаны баршаға мәлім.
С.Сейфуллин. І.Жансүгіров, Ә.Нүрпейісов шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық сияқты тақырыптар көтерілді. Бұл қаламгерлердің әдеби шығармашылықтары елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрбіді. Бүгінгі таңда бұл жазушылардың есімдері ғылыми-мәдени мекемелерге, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына, көшелерге берілген.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың жеке заттары, өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері қойылады.
Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер мен өзге де қонақтар өз естеліктерімен бөліседі.