2024 ж. 6 желтоқсанында сағат 16:00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Тәуелсіздік күніне орай «Тұмар-Арт» суретші-педагогтар қауымдастығы мен олардың дарынды шәкірттерінің бірлесіп ұйымдастырғалы отырған «АТАМЕКЕН» көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияда түрлі жанр мен стильде жұмыс істейтін ұстаздар мен олардың шәкірттерінің туындылары ұсынылады, оларды біріктіретін – сұлулыққа ұмтылыс пен шығармашылыққа деген құштарлық. Қауымдастық ұстаздары халықаралық және республикалық көрмелерге белсенді қатысып қана қоймай, жаңа буын суретшілерді тәрбиелейді, олардың көпшілігі түрлі деңгейдегі балалар байқауларының жеңімпаздары атануда.
«Тұмар-Арт» қауымдастығы жылдар бойы өнер әлемінің байлығын көрсететін көптеген жарқын әрі маңызды іс-шараларды ұйымдастырды. Солардың қатарында: «Қалалық қызғалдақтар фестивалі» (Оқушылар сарайы, 2024 ж.), «Арт-Флора» (Оқушылар сарайы, 2023 ж.), «Бояулар құпиясы» (Бейнелеу өнері галереясы, Талдықорған қаласы, 2023 ж.), «Ғалам палитрасы» («Триумф» галереясы, 2022 ж.), «Сұлулық аумағы» (О. Тансықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі, 2022 ж.), «Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» (ҚР МОМ, 2021 ж.), «Алматы – мың бояудың қаласы» («CO Lab Almaty», 2021 ж.), «Шабыт уақыты» (Ә. Қастеев атындағы ҚР МӨМ, 2021 ж.), «ART MIX» («CO Lab Almaty», 2021 ж.).
«АТАМЕКЕН» көрмесі қауымдастықтың өнер мен эстетикалық тәрбиені дамытуға үлес қосып келе жатқан бес жылдық қызметінің жарқын қорытындысы болмақ.
Көрменің басты мақсаты – педагог-суретшілердің шығармашылықтары арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті, тәжірибе мен білімді ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ шеберлер мен олардың шәкірттері арасында шығармашылық үндестік орнату.
Аталмыш көрме ұстаздар мен шәкірттердің а рухани алаңына айналып, онда әр суретші өзінің шығармашылық миссиясымен бөліседі, ал жас буын осы дәстүрлерді жалғастырып, дамытып, өткен мен бүгінгі және болашақ арасындағы байланысты күшейтеді.
Экспозицияда шеберлер мен олардың шәкірттерінің туған жердің сұлулығына, оның тарихына, рухани құндылықтары мен ұлттық дәстүрлеріне арналған жұмыстары ұсынылады. Әрбір туынды терең мазмұнмен ерекшеленіп, адамның мәдени мұраны сақтау мен ұрпақтар арасындағы үзілмес байланысты нығайтудағы рөлі туралы ойлануға жетелейді. Сондай-ақ, көрме музей қонақтарына өткен мен бүгінгі күннің өнерге қатысты ой-толғамдарын ашып, күнделікті күйбең тіршіліктен алыстап, шабыттанып, дәстүрлі өнердің сұлулығын жаңа қырынан көруге мүмкіндік береді.
Барша қала тұрғындары мен қонақтарын «АТАМЕКЕН» көрмесіне шақырамыз. Мұнда сіздер өнер және мәдени мұра әлеміне бойлап, туған жер мен оның тарихына деген сүйіспеншілікке толы туындылардан шабыт аласыздар.
Көрме 2024 ж. 18 желтоқсанына дейін жалғасады.