2025 жылдың 16 қаңтар күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында(Желтоқсан, 137) ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Алматы облысының үздік суретшісі номинациясының иегері Марат Мұхамедқалиұлы Тотеевтың «БІР СӘТТІҢ МӘҢГІЛІК БЕЙНЕСІ» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылады. Экспозицияда суретшінің табиғат және портреттік жанрдағы 150-ге жуық туындылары ұсынылады.

Еліміздің әрбір өлкесін шынайы суреттеген суретші туындыларында уақыт пен болмыстың әсерлі құбылыстарын ерекше динамикалық ырғақта бейнелейді. Қылқалам шеберінің палитрасы күрделi болғанмен, көрермен үшін сюжеттік композицияны жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Айталық «Ақжар», «Туған жер Беріктас», «Жаркент. Іле өзені», «Суық сай», «Текелі тауы», «Келес өзені», «Каменка плато» атты туындылары қоршаған әлемнің ерекше сұлулығын қанық және контраст түстердің үндестігін өзара үйлестіре табиғаттың қасқағым сәтін мәңгілікке айналдырады. Пейзаж жанрында ол көргенін жазып қана қоймай, әрбір өлкенің табиғатын зерттеп, жете бейнелеуінде көрерменнің әсерлі сезімде сол атмосфераны қабылдауын және есте сақтауын көздейді. Суретші-пейзажист күнделікті қозғалыстағы құбылыстың бір сәтке уақытты тоқтатып, сол сәттегі шексіз кеңістіктің мәңгілік құндылығын сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан да, табиғаттың тылсым құбылысын көру, сезіну және әсерлі жеткізу – суретші үшін маңызды сәт.

Марат Тотеев портреттік жанрда да өзінің ерекшілігін танытады. Ол реңктер, текстура, жарық арқылы адам келбетінің нақтылығына ғана емес, бейненің ішкі әлемін, сезімін көрсетуге ерекше мән береді. Шығармашылығында портреттік жұмыстары тарих бетін қайта парақтауға үндейтін туындылары орын алады. Көрмеде қоғамдағы орны бар, бірақ тарихта есімі аталмай қалған ұлы тұлғалардың бірі – этнограф, тарихшы, әскери қызмет атқарған Ғазы Болатұлы Уәлиханның, Шоқан Уәлихановтың жұбайы Айсара Көшенқызының портреті қойылған. Суретші тарихи тұлғалардың бейнесін суреттей келе сол уақыт белесінің ақиқатын көрсеткісі келеді.

Суретші Марат Мұхамедқалиұлы Тотеев 1981 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Беріктас ауылында дүниеге келді. 2002 Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Монументталдық кескіндеме» мамандығын тамамдады. 2002 жылдан бастап суретші шығармашылығық жолында «Парасат» редакциясында дизайнері, «Буик» француз компаниясында суретші-безендіруші, Музеефикация, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы Өнер мектебінде ұстаздық қызметтін атқарды. Ол 2011 жылдардан бастап халықаралық, республикалық және жергілікті шығармашылық көрмелерге, симпозиумдарға қатысып, өзіндік ерекше  шығармашылық туындыларымен  көптеген алғыс хаттармен, «Балалық шақ досы», «Өнер, мәдениет және спорт институтына – 50 жыл», «Құрметті ұстаз» медальдарымен марапатталған. Суретші Марат Мұхамедқалиұлының шығармашылық тундылар Қазақстан, Қырғызстан, Турция, Германия,  Калифорния, Үнді коллекциянерлердің қорынан орын алады.

Экспозиция қаңтар айының 25 не дейін жалғасады.

ҚР Суретшілер одағның мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі,
өнертанушы, Музей педагогикасы және
экскурсия қызметі бөлімінің жетекшісі -
Гүлнар Жуваниязова