2025 жылдың 20 ақпан күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде музей қорынан «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Биылғы жылы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі өзінің 90 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы мерейтой аясында музей «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты бірегей көрмені ұсынады. Бұл маңызды мәдени шара көрермендерді қазақ ұлттық эпосының әлеміне қызықтырып, көрнекті суретшілердің графикалық туындылары арқылы рухани мұраға терең бойлауға шақырады. Сондай-ақ, көрме Қазақстанның ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңыздылығын атап көрсетуге, суретшілердің жаңа буынын шабыттандыруға және көпшілікті қазақ халқының мәдени құндылықтарымен таныстыруға бағытталған.
Көрмеде 90-ға жуық графикалық жұмыстар, сонымен қатар, ұлттық эпостың қазыналарын сақтайтын сирек басылымдар ұсынылады. Келушілер классикалық офорттан бастап, түпнұсқа графикаға дейінгі түрлі көркемдік техникада орындалған аңызға айналған батырлардың, арулар мен даналардың және мифологиялық кейіпкерлердің жарқын бейнелерін тамашалай алады. Әр туынды суретшілерді әдеби материалды терең түсінуге шабыттандырған ұлттық эпостық жырлардың сюжеттері мен бейнелерінің байлығын көрсетеді. Көрмеде ерекше орын алатын жұмыстардың қатарында Әбілхан Қастеевтің «Қобыланды батыр» (1932), Әубәкір Ысмайыловтың «Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар» (1928), «Қобыланды батыр» (1941) және «Алпамыс батыр» (1943), Константин Барановтың «Бозжігіт» пен «Айман-Шолпан» (1941), Евгений Сидоркиннің «Алпамыс батыр» (1976-1977) және «Қыз Жібек» (1973) жырларына арналған графикалық парақтары мен иллюстрациялары бар. Олардың жұмыстары кейіпкерлердің эмоционалдық әсерлілігімен, жарқын мерекелік атмосферасымен және ұстамды монументалдылығымен ерекшеленеді. Исатай Исабаевтың «Қобыланды батыр» (1978) эпосына жасаған иллюстрациялары аңызға айналған оқиғалардың драматизмі мен батырлығын жеткізеді. Әділ Рахмановтың «Ер-Тарғын» (1984) эпосына арналған туындылары композиция динамикасымен және графикалық техниканы меңгеру шеберлігімен таң қалдырады. Әлімхан Смағұловтың «Ақсауыт» (1977) жинағына арналған иллюстрациялары шеберлігімен және бейнелердің айқындығымен әсер қалдырады. Арсен Бейсембиновтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» (1984) эпосына жасаған графикасы терең көркемдік ойға толы. Ағымсалы Дүзелхановтың «Айман-Шолпан» (1985) шығармасына арналған иллюстрациялары лиризм мен пішіндердің жұмсақ пластикасымен ерекшеленеді. Хасен Абаевтың «Қамбар батыр» (1981) эпосына арналған еңбектері көрерменді ежелгі батырлық ерліктер әлеміне жетелейді. Мұрын жырау бейнесінен (1992) шабыт алған Темірхан Ордабековтың туындылары қазақ мәдениетінде эпикалық жыршылардың маңыздылығын айшықтайды. Жоғарыда аталған және өзге де көптеген графикалық туындылар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқының мәдени коды мен рухани құндылықтарын сақтаған эпостарға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
«Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі келушілерге қазақстандық суретшілердің шеберлігін тамашалап қана қоймай, батырлық, ғашықтық және ұлттық аңыздардың даналығы ұштасқан бай мәдени мұраға қол жеткізуге бірегей мүмкіндік береді. Бұл – сөз бен бейне біртұтас өнер туындысын жасай отырып, ұмытылмас әсер қалдыратын әлемге шақыру.
Көрме жетекшісі - Мамытова Самал