Наурыз – көктемнің басталуы, табиғаттың оянып, жаңа өмірдің жандануы. Ал 8 наурыз – нәзіктік пен сұлулықты дәріптейтін әйелдер қауымы үшін ең сүйікті мерекелердің бірі! Бұл күннің айрықша символы – қызғалдақтар, сондықтан біз «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР УАҚЫТЫ» атты жәрмеңкемізді осы мерекенің құрметіне арнадық. Өйткені «Қызғалдақтар уақыты» – бұл сұлулықтың, қуаныштың және ерекше сыйлықтардың мезгілі!
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында, 2025 жылғы 28 ақпан мен 2 наурыз аралығында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Орталық Азия қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтеді. Бұл шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген талантты шеберлер қатысып, өз өнер туындыларын ұсынады.
Көрмеде келушілер сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен және қазақтың дәстүрлі қолөнер түрлерімен танысып, өздері үшін эксклюзивті сыйлықтар – Қазақстан мен Орталық Азия шеберлерінің қолөнер бұйымдарын таба алады. Мұнда қолөнер шеберлері келушілер назарына моншақтан, аң терісі мен былғарыдан, күміс пен табиғи тастардан жасалған авторлық әсем әшекейлерді, дизайнерлік киімдерді, керамикалық бұйымдарды, тоқыма және трикотаж өнімдерін, қолмен тоқылған кілемдерді, батик, гобелен, панно, картиналарды, интерьерге арналған заттарды, сандықшалар мен басқа да көптеген өнер туындыларын ұсынады.
Көрме-жәрмеңке шығармашылық пен сұлулыққа толы көктем мерекесінің ерекше атмосферасын сыйлайды. Әрбір келуші мұнда жай ғана кәдесый емес, шеберлерден жүрек жылуын сыйлайтын ерекше сыйлық тауып, қуаныш пен ұмытылмас әсерге бөленеді!
Сонымен қатар, үш күн бойы, сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін жәрмеңке қонақтары қызықты шеберлік сабақтарына қатыса алады:
- Керамикалық саз балшықтан зергерлік бұйымдар мен әр түрлі фигураларды және періштелерді мүсіндеу (шебер – Кокосенко Оксана);
- Киіз басу өнері бойынша, онда қатысушылар бұл материалмен жұмыс істеудің дәстүрлі әдістерін меңгере алады (қолөнер шебері – Сауғабекова Әлия);
Орталық музей сіздерді шығармашылықтың ерекше әлеміне еніп, жаңа дағдыларды меңгеріп, өз қолыңызбен бірегей туынды жасауға шақырады!
Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 2025 ж. 28.02 – 02.03, сағат – 9.00 - 18.00-ге дейін.