2025 жылғы 26 ақпанда сағат 15.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастыруымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Көктемгі рапсодия» көркемөнер көрмесінің ашылуы өтеді.
Көрмеде 61 жастан 84 жасқа дейінгі 31 қатысушының акварель, гуашь, акрил және майлы бояу сияқты түрлі техникада орындалған 96 өнер туындысы ұсынылады. Жұмыстардың тақырыптық және жанрлық әртүрлілігі көктем мен әйел сұлулығының символы ретінде гүлдерді, пейзаждарды, натюрморттарды, абстракцияларды, декоративтік кескіндемені, интерьерлік композициялар мен графиканы қамтиды.
Көрменің символдық мәні оның тақырыбымен тығыз байланысты: көктем – жаңару мен шабыттың белгісі, ал әйел бейнесі – сұлулықтың, нәзіктіктің және өмірлік қуаттың көрінісі. Бұл идеялар ұсынылған әрбір жұмыста көрініс тауып, өнер мен табиғатты үйлесімділікпен байланыстырады.
Көрменің мақсаты – кез-келген жаста сурет салуды үйренуге және көркем туындылар жасауға болатынын қоғамға көрсету. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары үшін бейнелеу өнері өзіндік көркемдік ойды білдіру тәсілі ғана емес, сонымен қатар арт-терапия мен денсаулықты нығайтудың тиімді құралына айналды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушыларының жасы әртүрлі, олар шығармашылықпен 3 айдан 2,5 жылға дейін айналысып келеді. Оларға суретші-график, акварелист, Қазақстан және Грузия Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының вице-президенті, «Қазақ өнерінің қайраткері» және «Тарланды Великого Эля» медальдарымен марапатталған, Ұлыбританияның ОСА журналының нұсқасы бойынша Еуразияның ең ықпалды 40 тұлғасының қатарына енген кескіндеме педагогы Марлан Кеңесұлы Нысанбаев жетекшілік етеді. Көрмені өткізу идеясы да тікелей өзіне тиесілі, өйткені ол қатысушыларды шығармашылыққа шабыттандырып қана қоймай, олардың дамуына белсенді түрде ықпал етіп, жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік беретін кеңістік қалыптастырып келеді.
2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, (орталықтың директоры және негізін қалаушысы, «Құрмет» орденінің иегері – Бекетаева Сауле Станиславовна) егде жастағы адамдарға денсаулықты нығайтуға, қолайлы орта қалыптастыруға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды қызметтерді ұсынады. Орталықтың білікті мамандары мен нұсқаушылары қарттарға 40-тан астам әлеуметтік қызмет түрін тегін көрсетеді, оның ішінде: геронтолог дәрігерінің кеңестері, өз-өзін сауықтыру жүйесі бойынша психологиялық тренингтер, дене шынықтыру, йога, кинезиология, скандинавиялық жүріс, сондай-ақ декоративті-қолданбалы өнер мен кескіндеме бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі. Орталық Наурыз мейрамы, ұлттық киімдердің көрсетілімімен концерттік бағдарламалар, ұлттық шығармашылық көрмелер, фестивальдер мен флешмобтар, өнім жинау мерекелері және басқа да ірі іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастырып келеді.
2023 жылы Орталық «Алматы әжелері» жас ерекшеліктері бойынша модельдер клубын іске қосты (жетекшісі – Қазақстан Республикасының білім үздігі Ищанова Зина Сайлауовна). Ең жас модельдің жасы 76-да. Бұл таңғажайып әйелдер Италиядағы халықаралық сән апталығында Қазақстанды таныстырды, Түркия, Қырғызстан елдерінде өткен халықаралық этнофестивальдерде жеңімпаз атанды және 2024 жылы қалалық ұлттық киімдер фестивалінің жеңімпаздары болды. Олардың жарқын қойылымдары бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланды. Жас ерекшеліктері бойынша модельдер тобы сондай-ақ Ольга Сапожникованың «Өзіңе жол. Ұзақ өмір» атты деректі фильмінің кейіпкерлеріне айналды.
Музей алматылықтарды «Көктемгі рапсодия» көрмесін тамашалауға және шығармашылық арқылы жаңа жетістіктерге жеткен қарт адамдардың шабыттандыратын өмірлік тарихтарының куәгері болуға шақырады. Олар үшін өнер – қуаныш, өзін-өзі жүзеге асыру және жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізудің қайнар көзіне айналған.
Көрме 2025 жылдың 12 наурызына дейін жалғасады.