Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2025 ж. 5 сәуірде сағат 14:00-де «Қарағым-ай» көркемөнер көрмесінің ашылуы өтеді. «Қарағым-ай» – сүйіспеншілікке, қамқорлыққа толы үндеу, қазақтың шексіз мейірімін білдіретін жүрекке жылы сөз.
Көрме Индира Элиф Бадамбаева жетекшілік ететін ART студиясында білім алатын жиырмаға жуық қыз-келіншектердің өнер туындыларын ұсынады. Олардың әрқайсысы үшін кескіндеме өнері бір кездері алыс әрі қолжетімсіз арман болған. Бірі сурет салуды небәрі бірнеше ай бұрын бастаса, енді бірі шығармашылықпен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Олардың әрқайсысы өзіне тән ерекше жолды еңсеріп, бүгінде батыл әрі терең шығармалары арқылы өмірлік тәжірибесі мен дүниетанымын жеткізеді.
Бұл көрме – әйел туралы. Оның айналасында қалыптастыратын әлемі, нәзіктігі мен қайсарлығы, дәстүрлері мен оларды қайта пайымдауы, өмірдің құндылығы мен оның шексіз тереңдігі жайында. Экспозицияға қойылған шығармалар – құштарлыққа толы, батыл әрі ерекше жарқын түстермен ерекшеленеді. Мұнда қазақ мұрасы заманауи мән-мағыналармен үндесіп, дәстүр әрбір суретшінің өзіндік көзқарасымен тоғысады.
Көрме идеясы Индира Элиф Бадамбаева студиясында пайда болды. Бұл өнер әлемді қабылдаудың ерекше тәсіліне әрі кәсіби білім беру орталығына арналған кеңістік.
Жобаның кураторы – Индира Элиф Бадамбаева – суретші, педагог, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, кескіндеме магистрі. Ол Қантар оқиғасына арналған Harper’s BAZAAR Kazakhstan журналының әйгілі мұқабасының авторы, сондай-ақ «Қазақ әліпбиі (латын графикасында)» арт-жобасының негізін қалаушы. Оның шығармалары Қазақстан, Ұлыбритания, Швейцария, Германия және АҚШ сынды елдердің жеке коллекцияларында сақтаулы. 10 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз ретінде Индира жас суретшілерге білім беріп, оларды өзіндік даралығын табуға және шығармашылық дамуға шабыттандырады. 2024 жылы ол Ұлы Жібек жолына арналған британдық «5Eleven» журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның 5 қаһарманының қатарына енді.
Көрмеге қатысушылары туралы:
Бұл жоба түрлі өмірлік тәжірибесі, көзқарастары мен тақырыптары ортақ өнер иелерін біріктірді. Алайда олардың шығармашылығын байланыстыратын ортақ бір нәрсе бар – олардың батыл туындыларында нәзіктік пен махаббаттың терең мәні сезіледі. Мейірім мен жылылық – бүгінгі әлемде, түрлі дағдарыстар мен жоғалтуларды бастан өткеріп жатқан қоғамға аса қажетті құндылықтар. Бұл көрме өнердің шексіз жасампаз күшін айқын көрсетеді. Көрмедегі әр жұмыс – бірегей дауыс. Бұл – суретшінің өзін-өзі тану жолы, әлемге деген шынайы сыр шертуі.
Көрмеге қатысушылар: Айжан Әбдірова, Нұргүл Әбішева, Мадина Ақмолдаева, Дина Әлиханова, Айгерім Бақаева, Раушан Иманбаева, Нұрай Исенғұлова, Інжу Қасымова, Марина Ким, Гаухар Мұрзабекова, Элеонора Оразова, Әсел Сағымбаева, Динара Сәкенова, Катерина Сийдра, Таңсұлу Симтикова, Полина Трегубова, Жібек Төлегенова, Ғайни Төребаева, Әлинұр Уәлиева, Аида Үсенбаева және студия жетекшісі Индира Элиф Бадамбаева.
«Қарағым-ай» көрмесі – суретшілердің жаңа есімдерімен танысуға, олардың шығармашылық күшін сезінуге арналған ерекше мүмкіндік. Бұл күш әлемді бұзбай, керісінше, оны жаңартатын, шығармашылықпен толтыратын күш. Көрме арқылы өнердің ғажайып әлеміне еніп, онда жарық, жылылық, сүйіспеншілік пен нәзіктікке толы сұлулықты сезінуге болады.