16 мамыр күні, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Халықаралық музейлер күніне орай зағип және нашар көретін келушілерге арналған жаңа инклюзивті жоба – «Саусақ ұшындағы өнер» тактильді картиналар көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Көрменің негізгі мақсаты – көру қабілеті бұзылған адамдарды қолдау,музейдің басқа келушілерімен қатар қоғамдық және мәдени өмірге араласуына мүмкіндіктер жасау.
Көрмеде Әбілхан Қастеев («Абай», «Жамбыл» портреттері), Николай Хлудов («Түйе сауу», «Қойшы бала»), Диана Мухаммад(«Бауырсақтармен натюрморт») сияқты қазақстандық танымал суретшілердің туындылары бойынша жасалған бес тактильді картина қойылады. Тактильді картиналарды Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Көркем сурет» кафедрасының оқытушылары мен студенттері жасаған болатын.
Картиналардың аудиодискрипциясын–аудиодискриптор, аудиодискрипция курсын әзірлеуші,кәсіби аударма ісінің негізін қалаушы«Гала Глобал групп» және «Қазақстан аударма академиясы» аударма компанияларының тең құрылтайшысы, «Көру қабілеті нашар адамдарға арналған субтитрлеу» оқу курсының аға оқытушысы Анна Васильевна Лоенконың жетекшілігімен, Maksut Narikbayev атындағы жоғары гуманитарлық мектебінің«Аударма ісі» мамандығы бойынша магистратура студенттері дайындады.
Сондай-ақ, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапхана мамандары музейдің этнография залына арнап Брайль шрифтімен жазылған бес брошюра дайындады. Брошюралар: «ат жабдығы», «билік атрибуттары», «ер-тұрман»,«сақина-жүзік», «білезік», «қару-жарақ», «киіз-үй», «әскери құрал-жабдықтар» тақырыптары бойынша даярланды.
«Саусақ ұшындағы өнер» тактильді көрмесінің ашылуы – өнерге бей-жай қарамайтын, өнерді барлығына қолжетімді етуді мақсат еткен адамдардың демеушілігінің арқасында іске асты.Орталық музей, инклюзивті білімнің дамуына елеулі үлес қосып жатқан кәсіпкер Любовь Владимировна Чугаева, Ольга Орлова, Тимур Павликов және «Traworium» саяхатшылар клубының серіктестеріне ерекше алғыс білдіреді.Олар, көру қабілеті нашар адамдарға, сурет өнері әлемінің есігін ашатын – тактильді картиналардың пайда болуына мүмкіндік бере отырып, қоғамға өз үлестерін қосты.
Бұл жоба – бірлескен күш-жігер арқылы, әлемді жақсы жаққа өзгертуге болатынының жарқын үлгісі болып табылады.
Қосымша ақпарат.Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі– балаларды, жасөспірімдерді, мүмкінділігі шектеулі келушілерді әлеуметтік оңалту мен бейімдеуге жағдай жасап, көмек көрсету болып табылады.Орталық музейіндегі«Қолжетімді музей» инклюзивті бағдарламасы, «Жеті қазына» тактильді мүсіндер көрмесі, «Ым-ишара тіліндегі музей» және т.б жобалардың негізгі мақсаттары – мүмкіндігі шектеулі келушілерді музейлік білім беру кеңістігі арқылы Қазақстанның мәдени құндылықтарымен таныстыру, экспонаттар арқылы түсінігі мен ой-өрісін кеңейту, қиял мен шығармашылық дағдыларын дамыту.