2025 жылдың 17 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде дәстүрлі «Музей түні – 2025» мәдени акциясы жоғары деңгейде өтті. Ел тарихының алтын қазынасын ардақтап, рухани мұраны дәріптейтін бұл ерекше түнге 15 мыңнан астам адам қатысты.
Шараны музей директорының міндетін атқарушы Сержан Бараханұлы ашып, өзінің құттықтау сөзінде аталмыш акцияның елімізде тұңғыш рет Орталық музей бастамасымен ұйымдастырылғанын және биыл 20-шы рет өткелі отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ Мемлекет басшысының пәрменімен музейге «ұлттық» мәртебенің берілуін биылғы жылдың айтулы жетістігі ретінде атап, бұл — музей ұжымының тынымсыз еңбегінің лайықты бағалануы екенін жеткізді.
Мәдени кештің құрметті қонақтары – белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова, Иран Ислам Республикасы Мәдени өкілдігінің директоры Хоссейн Агазаде, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Ескен Сергебаев, актер Болат Әбділманов және басқа да өнер мен мәдениет майталмандары сөз сөйлеп, кеш көрігін қыздырды.
Шараның елеулі сәттерінің бірі – «Музейге сый» дәстүрлі акциясы аясында музей қорына құнды жәдігерлердің тапсырылуы болды.
Өзінің бірегей мұрасын музейге сыйға тартқан тұлғалардың қатарында – күйші, композитор, профессор Секен Кәрімұлы Тұрысбеков, Қазақстанның тұңғыш кәсіби мүсіншісі, халық суретшісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хәкімжан Есмаханұлы Наурызбаев және басқа да өнер жанашырлары бар. Бұл акцияның басты мақсаты – халықтың музейге, оның рухани қазыналарына деген құрметін арттыру, сондай-ақ отбасылық және тарихи құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп, музей қорына тапсыру дәстүрін қалыптастыру.
Кеш бағдарламасы ұлттық өнер мен заманауи бағыттың бір арнада тоғысуымен ерекшеленді. Кеш шымылдығы Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі мен «Салтанат» би ансамблінің өнер көрсетуімен ашылып, одан әрі танымал эстрада жұлдыздары – Жеңіс Ысқақова, Ақылбек Жеменей, «Инканта» тобы және басқа да өнерпаздардың концертімен жалғасты.
Кеш аясында көрермендерге Гварнери мен Страдивари секілді әлемге әйгілі шеберлердің аспаптарынан шыққан сирек музыкалық туындылар ұсынылып, ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар сән әлеміндегі дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген «TAMEN» брендінің «Теңіз» және «Шырақ» топтамалары «ICONIC» модельдік агенттігі аруларының таныстыруымен көпшіліктің ықыласына бөленді.
«Музей түні – 2025» бағдарламасы екі негізгі бағытты қамтыды:
- «Музей – руханият шаңырағы»
- «Ерлік пен елдік – егіз»
Осы бағыттар аясында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, ЮНЕСКО аясында аталып жатқан композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына, Қазақстанның көрнекті музыкатанушылары Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шығармашылығына арналған көрмелер мен Орталық музейдің раритеттік экспонаттарын паш еткен «Жауһар жәдігер», қылқалам шеберлеріне арналған «Шабыт жаңғырығы» мерейтойлық көрмесі, «Хат жазып тұр...» деректі қолжазбалар көрмесі және белгілі суретші Юлия Проскурдің «Көшпелі рухы» көрмелері мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.
Кеш барысында ғылыми-интерактивтік алаңдар, квест ойындары, викториналар, «Happy Place» брендімен бірлескен заманауи кәдесыйлар көрмесі мен «Отбасы хрестоматиясы» қорының кітап жәрмеңкесі де ерекше қызығушылық тудырды.
«Музей түні – 2025» — бұл тарих пен мәдениеттің, өнер мен руханияттың түйіскен алаңы, сан мыңдаған көрерменге рухани әсер сыйлаған ұмытылмас кеш болды.