2025 жылдың 4 маусымында, сағат 16:00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде атақты альпинист, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анатолий Букреевке арналған «Анатолий Букреев: Өрлеу» атты ерекше фотокөрменің ашылу салтанаты өтеді.
Фотокөрме Эльбрус шыңына рекордтық жылдамдықпен (1 сағат 47 минутта) көтерілгеніне 35 жыл және Абай шыңына жаппай альпиниаданың 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Анатолий Букреев – 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президентімен бірге Абай шыңын бағындырған жалғыз альпинист ретінде тарихта қалды.
Шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы қалалық Альпинизм федерациясының қолдауымен өтеді. Ұйымдастырушылар қатарында ҚР Мемлекеттік орталық музейі, Оңтүстік Орал мемлекеттік тарихи музейі және Челябі облысының қоғамдық бірлестігі «Серпінді Даму Альянсы» бар.
Көрме барысында Анатолий Букреевтің өмірі мен спорттағы ерлігіне қатысты 100-ден астам сирек фотосурет, құжаттар, марапаттар мен жеке күнделіктер ұсынылады. Экспозицияда оның балалық шағы, Орал тауларындағы алғашқы шыңдарға көтерілуі, оқу және әскери қызмет жылдары, әлемнің ең биік шыңдарын бағындыру жолындағы жетістіктері кеңінен қамтылады. Сонымен қатар альпинизмдегі тың тактикалары мен жеке рекордтарына да назар аударылады.
Анатолий Букреев – әлемдегі 14 сегізмыңдықтың 11-іне шыққан кеңестік альпинист. 1989 бен 1997 жылдар аралығында ол 8000 метрден биік шыңдарға 21 мәрте көтерілген. Әлемдік альпинизм тарихында небәрі 80 күн ішінде төрт сегізмыңдық шыңды бағындырған алғашқы адам болды.
1996 жылы Эверестте болған қайғылы оқиға кезінде Букреев үш адамды құтқарып, нағыз ерлік жасады. Өкінішке қарай, 1997 жылы Аннапурна шыңына қысқы экспедиция кезінде қаза тапты.
Оның құрметіне түрлі елдерде ескерткіштер орнатылған. 2023 жылы қаңтарда Алматыдағы «Медеу» мұз айдынының алдында да Анатолий Букреевке арналған ескерткіш қойылды.
«Анатолий Букреев: Өрлеу» көрмесі – тек бір адамның тағдырын емес, бүкіл бір дәуірдің, кеңестік альпинизм мектебінің айқын бейнесін көрсететін маңызды мәдени шара болмақ.