Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойы аясында Төлепберген Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі «ХХ–25» фестивалін ұсынады.
Алғаш рет 2022 жылы ұйымдастырылған бұл фестиваль — ХХ ғасыр мен қазіргі заман композиторларының шығармаларын бір сахнада тоғыстырған ерекше жоба. Бұл — уақыттар үндестігі, өткеннің көркемдік ізденістері мен бүгінгі эстетиканың өзара байланысын паш ететін симфониялық өнер мерекесі.
Фестивальдің басты мақсаты — шетелде білім алып, кәсіби шыңдалған, бүгінде Еуропа елдерінде кеңінен танылған қазақ музыканттарын Қазақстанға шақырып, олардың өнерін отандық көрерменге ұсыну. Бұл бастама ел мәдениетіне жаңа леп әкеліп, рухани кеңістігімізді байыта түспек.
Фестиваль шымылдығы 6 маусым күні филармонияның Үлкен залында түріледі.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Меруерт Карменова (Бельгия) өнер көрсетеді.
Сағат 19:00-де басталатын концертте:
- А. Мосолов — «Завод»
- К. Шимановский — №1 скрипкалық концерт
- А. Скрябин — «Экстаз поэмасы»
Оркестрді басқарушы — көркемдік жетекші және бас дирижёр Қанат Омаров.
13 маусым, 19:00
Солистер:
- Ботагөз Айғалқаева (фортепиано)
- Алияр Өтетлеу (фортепиано)
Бағдарламада:
- Ф. Пуленк — Екі фортепиано және оркестрге арналған концерт
- Г. Холст — «Планеталар»
21 маусым, 18:00
Солист — Ержан Күлебаев (скрипка, Испания, Мадрид)
Бағдарламада:
- А. Берг — Скрипка және оркестрге арналған концерт
- Д. Шостакович — №5 симфония
«ХХ–25» фестивалі — бұл өнер арқылы өткен мен бүгінді, ұрпақтар мен идеяларды тоғыстыратын рухани көпір.
Бұл — халықаралық сахнадан тәжірибе жинақтаған отандастарымыздың ұлттық сахнада өз өнерін паш етіп, ел мәдениетінің дамуына үлес қосатын алаң. Кеш барысында көрермендерге әлемдік симфониялық классиканың үздік туындылары қазақстандық музыканттардың жаңа интерпретациясында ұсынылады.
Бұл — өнер арқылы басталған мазмұнды сұхбат, жаңа шабыт пен терең сезімге толы музыкалық сапар.