2025 жылдың 1 маусымында сағат 14:00-де Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы «Куда уходит детство» атты мерекелік концертін көрермен назарына ұсынады. Капелланың көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы» екенін атап өтіп, қоғам назарын балалардың құқығы мен олардың қауіпсіз ортада өсуіне аударудың маңыздылығын айтты. Осы бағытты ұстанған филармония ұжымы жыл сайын балаларға қуаныш сыйлап, олардың рухани әлемін байытуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.

Аталмыш концерт те – балалардың жүрегіне мейірім мен шаттық сыйлауға арналған ерекше жоба. Оның басты мақсаты – әрбір балаға қуаныш сыйлау, олардың бойына ізгілік пен махаббат ұялату.

Концерттік бағдарламада қазақ және әлемдік композиторлардың жарқын туындылары, балаларға таныс және сүйікті әндер орындалады.
Дирижер – Мәдениет саласының үздігі Әсет Ахметов
Хормейстерлер – Алтынбек Жолдыбаев пен Алмат Есімханов
Концертмейстер – Асқар Күлшәріпов

Сахна төріне шығатын солистер:

Сүлеймен Бақытбек, Логвинова Анфиса, Бектұрсын Аделина, Юденич Анна, Құрбаниязова Кира, Аманжол Сұлтан, Құмарбек Ләззат, Айса Меирхан, Павлова Ульяна, Елизавета Нуреева, Максим Цой, Құсайынова Алтынай, Благодарная Даяна, Нұрсейіт Раяна, Болатбек Нариман, Даубек Ердос, Пак Юра, Кадочникова Полина.

Концерт барысында орындалатын балалар әндері мен ертегілер – кішкентай көрермендердің қиялын дамытып, оларды әртүрлі кейіпкерлермен таныстырады. «Золушка» секілді танымал шығармалар балалардың жүрегінде ұзақ сақталып, өнерге деген қызығушылығын оятады. Бұл – музыкалық тыңдау мәдениетін қалыптастырып, эмоцияны дұрыс жеткізуге баулитын тамаша мүмкіндік. Әр ән мен шығарма арқылы балалар шынайылықты, өзара құрмет пен үйлесімділікті үйренеді.

«Куда уходит детство» концерті – бұл тек әсем әуендер шырқалатын сахна ғана емес, баланың тұлға ретінде дамуына ықпал ететін, рухани баюына жол ашатын ерекше сәт.