2025 жылдың 12 маусым күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде «Street Layers» атты заманауи өнерге арналған топтық көрменің ашылуы өтеді.
Көрме қала тіршілігін, визуалды ырғақ пен кеңістікті өзінше қабылдау тақырыбын әр қырынан қайта пайымдайтын бес суретшіні біріктіреді. Экспозицияда кескіндеме, фотосурет, акрил және гобелен секілді қазіргі заманғы және дәстүрлі бейнелеу тәсілдері ұсынылады.
Көрменің негізгі назар аударарлық тұсы – Лондонда жұмыс істейтін суретші Омар Даньял Бюйюктосунның фотожобасы. Ол ақ -қара пленка мен үздіксіз экспозиция техникасы арқылы қаланың визуалды ырғақтарын зерттейді. «Street Layers» сериясында суретші қала көрінісінің фрагменттерін үсті-үстіне үйлестіре отырып, сәулет, уақыт пен жадының біртұтас визуалды ағында қалай тоғысатынын көрсетеді.
Көрменің кескіндемелік бөлігін Карина Азимжанова (Крылова), Александра Калачева және Айсулу Усентаеваның туындылары құрайды. Карина өз жұмыстарында кескіндеме мен фотосуретті біріктіріп, шынайылық пен қиял арасындағы шекараны жарқын түстер мен символика арқылы зерделейді. Александра акрил техникасын қолданады. Оның композицияларынан пішін мен түс реңкінің айқын қуаты сезіледі. Айсұлу дәстүрлі сәндік элементтері заманауи контексте жаңаша үн табатын бірқатар кескіндемелік туындыларын ұсынады.
Асель Момбекова көрмеге жалғыз тоқыма жұмысы – қолдан тоқылған гобеленімен қатысады. Оның туындысы экспозицияға тактилдік сезім қосып, қолөнер дәстүрлеріне сілтеме жасайды, сондай-ақ «қалалық мата» тақырыбын тура және астарлы мағынада аша түседі.
«Street Layers» – бұл қаланың мәдениет, бейне және мағыналар қабатынан тұратын тірі ағза ретіндегі күрделі болмысы жайлы ой-толғау. Көрмеге қатысқан әр суретші бұл тақырыпты өз тұрғысынан зерттеп, көрерменге көпқырлы визуалды тәжірибе ұсынады. Көрме аясында баспа каталогының жарыққа шығуы да жоспарланған.
Көрме 2025 жылдың 22 маусымына дейін жалғасады.
Көрме кураторы - Кусаинова Бибигуль