2025 жылы 4 қыркүйек күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында (Желтоқсан 137) Александр Синявскийдің «ЧАқРЫ ГОР!» атты жеке фотокөрмесінің ашылуы өтеді.Көрмеде 70-тан астам туынды ұсынылады.

Александр Синявский 1944 жылы Алматы облысының Чиен ауылында мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келген. 1950 жылы оның әкесі Андрей Васильевич Синявский Алматы зообағына жұмысқа шақырылды. Ол мұнда суретші де, фотограф та, экскурсия жетекшісі де болды. Кейін балаларға арналған жануарлар туралы он екі кітап жазып, иллюстрациясын салды, сондай-ақ газет пен журналдарда өз суреттері мен фотосуреттерімен бірге 1000-нан астам әңгімесін жариялады.

Александр бала кезінде зообақ жанындағы жас натуралистер үйірмесіне қатысып, жануарлардың суретін салып, олардың мінез-құлқын зерттеген. «Жазда зообақта қайда барсам да, соңымнан өзімнің қамқорлығымдағы кішкентай борсығым ілесіп жүретін! Ал үйімізде бірде кірпі, бірде шәукілдек, бірде бөлтірік өмір сүретін. Тіпті ақ қонжық та қонақта болғаны бар! Ал бір жолы әкем бес жасар мені өзімен бірге тауға ертіп апарды, содан бері өмірімді таусыз елестете алмаймын!» – деп баяндайды автор.

Оның сүйікті кітаптары А. Брэмнің «Жануарлар өмірі», Ж.А. Фабрдың «Жәндіктер өмірі» және В. Бианкидің «Орман газеті» болды.

1965 жылы Александр Синявский Алматыдағы Н. В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесін, ал 1978 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет-графика факультетін тәмамдады.

Өмір жолында ол өзіне сабақ берген Ғалымбаева Айша Ғарифқызы, Кенбаев Молдахмет Сыздықұлы, Журавлёв Николай Степанович және өзге де қадірлі ұстаздарын ризашылықпен еске алады. Бұл еңбегі еленген халық суретшілері студенттеріне өз баласындай қамқорлық танытатын.

«Тоқсаныншы жылдары мен өз фотосуреттерімді Айша Ғарифқызына көрсеткенімде, ол мені мақтап, «Сенен кейін осы қалады!» - деген болатын. Бұл сөздің мәнісін бастапқыда толық түсінбеп едім», - деп еске алады суретші.

2014 жылы «Көкжайлауды қорғайық» алматылық қоғамдастығы ұйымдастырған ауқымды акцияда Александр Синявскийдің Алатаудың фаунасы мен флорасы бейнеленген фотосуреттері бар стендтерін Қазақстандағы төрт діни конфессияның дін қызметкерлері тамашалап, бұл еңбекті «құдайға жағымды іс» деп атап, баталарын берді. Александр Синявский Алатау тауларын көптен бері суретке түсіріп келеді, алайда мүк пен қыналардан түзілген ғажайып, тіпті фантастикалық жартастағы «картиналар» оның ерекше қызығушылығын тудырады. Айрықша мәнерлілік беру үшін ол кейбір «кескіндерді» автор ретінде толықтырған. Заманауи вандалдар секілді жартасқа баллондағы бояу немесе балға мен қашау арқылы зақым келтірмей, ол тек фотосуреттерді ғана өңдеумен шектелген.

Суретші бұл көрмені өзінің әкесі, суретші-анималист, журналист және натуралист жазушы Андрей Васильевич Синявскийге арнайды. Александр Андреевич былай дейді: «Әкем бүкіл өмірін туған табиғатты зерттеуге арнады. Осы көрменің оның өмірлік еңбегінің жалғасы ретінде қабылданғанын қалаймын». Биыл туыстары Андрей Васильевичтің туғанына 102 жыл толуын атап өтті. Ол өз кітаптарында, әңгімелерінде, суреттері мен фотосуреттерінде мәңгілік өмір сүреді.

Бала кезінен бастап ол шахматқа шынайы қызығушылық танытып, 1964 жылы алғаш рет Алматы чемпионатының жеңімпазы атанды. 1968 жылы Кеңес Одағының спорт шебері атағын иеленді. Көп жылдар бойы Қазақстан құрамасының белсенді мүшесі болып, Қазақ КСР шахмат федерациясының біліктілік комиссиясын басқарды. Оның қоржынында 40-тан астам турнир жеңісі, соның ішінде бірнеше республикалық деңгейдегі жарыстар да бар. Сонымен қатар ол «Динамо» және Орталық Азия әскери округінің (ОАӘО) әскери спорт клубы командаларында шахмат бапкері ретінде қызмет атқарды. Қызығы, кейбір шахмат дағдылары оның фотосурет өнерінде де жақсы нәтижелер көрсетуіне септігін тигізді. Мысалы, «Жақсы жүрісті көрсең, одан да жақсысын ізде!» деген қағида.

Көрме 2025 жылдың 19 қыркүйегіне дейін жалғасады.

Куратор: Серікбай Меруерт