Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2025 жылдың 19 қыркүйегі, сағат 11:00-де Қала күніне орай «Мың бояулы Алматы» мәдени іс-шарасы өтеді.

Қала күні – Қазақстанның мәдени, ғылым мен білім ордасы, әсем шаһарымыз Алматының тұрғындары мен қонақтарын біріктіретін мерейлі мереке. Әсем табиғаты, бай рухани мұрасы мен заманауи дамуы үйлескен қаламыз – Қазақстанның іскерлік және мәдени орталығы. 

Іс-шараның басты мақсаты – Алматы қаласының тарихы мен мәдениетін және музей қорындағы ұлттық құндылықтарын көрсетіп, қала қонақтары мен тұрғындарына және шетелдік туристерге мерекелік көңіл күйін сыйлау.

Іс-шара барысында Алматы қаласы өнерпаздарының және Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің қатысуымен концерттік бағдарлама, Қазақ мемлекеттік цирк әртістерінің қойылымы, қыш бойынша шеберлік сабақтар, Алматының символына айналған апорт алмасының жәрмеңкесі, сонымен қатар, отандық «TAMEN» сән үйі брендінің, «ICONIC_MODELAGENCY» агенттігінің заманауи ұлттық нақышта безендірілген киімдерінің көрсетілімін көрермен назарына ұсынамыз.

Алматы күні – әр алматылықтың қаласына деген сүйіспеншілігін білдіретін ортақ қуаныш.

Алматы – бірлік пен жасампаздықтың, достық пен татулықтың мекені!