Ағымдағы жылдың 23-қазаны күні сағат 15.00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Хакім Абай мұрасы» атты тақырыптық-экспозициялық көрме ашылады.
Айтулы көрме қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 180 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылып отыр.
Қазақтың аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы.
Көрмеде ҚР МОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжазбалар, кітап басылымдар және ол туралы шығармалар насихатталады. Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзінікі деп танылып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғылының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.
«Алашорда» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналын, Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қилы заман» романын, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб жазуынан кирилл жазуына көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасын да көрме төрінен көруге болады.
Аталмыш көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaidıŋ ças kuninde çazqan өleŋi» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musirali aqsaqaldiŋ aitunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbai ulь. Taŋdaulь өlender» басылымын (Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдер) сынды қолжазбалар мен басылымдар да қойылып отыр.
Ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, інісі Ысқақтың бөрігін, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын және ұрпағы Азат Әрхамұлы Ысқақов, Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейі, Ә.М. Жиреншин тараптарынан құрастырылған Абай әулеті мен туысқандары жөнінде шежірелерді, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалай аласыздар.
Хакімнің әулеті, балалық шағы, қоршаған ортасы және жалпы өмірбаянымен таныстыратын арнайы стендтер, фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, Абай қол қойған құжаттар, 1903 жылы ақынға берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, кітаптар, ақын дәуірінің бет-бейнесін көрсететін этнографиялық жәдігерлер бұл көрмеден орын алады.
Көрменің тақырыптық-көркемдік мән-мазмұнын, композоциялық ерекшеліктерін толықтыра түсетін портреттер, фотосуреттер, мүсіндер, кілемшелер, мерейтойлық төсбелгілер, қағаз ақшалар, монеталар, маркалар, керамикалық бұйымдарды және ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, артында қалған мол мұрасын зерттеген жазушы-ғалымдардың еңбектерін де осы көрмеден көре аласыздар. Сондай-ақ, шет тілдеріндегі аударма кітаптар, кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдар да жұрт назарына ұсынылады.
Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух мен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 3-залдағы орталық алаңда орналасқан.
Көрме 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.